Қазақстанда бензин мен дизель отынның 2 аптаға жететін қоры қалды

Қазақстанда бензин мен дизельдік отынның 2 аптаға ғана жететін қоры қалды.

Бұл жөнінде энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлімдеді.

Ведомство жетекшісінің ақпаратына сәйкес, АИ-92 маркалы бензиннің қазір 180 мың тоннасы бар. Ал дизель болса 220,8 мың тонна қалыпты. Қазір бензин бойынша жанар-жағармай бекеттерінде ахуал тұрақты. Ал дизель отынның жағдайы қиындау болып тұр. Қазір бірқатар бекеттерде сату бойынша шектеулер қойылған. Мұнай өңдеу зауыттары отынды қажетті мөлшерде өндірсе де логистика жағынан қиындықтар туындап отыр, дейді министр. Яғни цистерна-вагондар діттеген жерлеріне уақытында жете алмауда. Сондықтан барлық логистикалық тізбектердің жөнді әрі үйлесімді жұмыс істеу қажет екендігін айтуда. Осы ретте Үкімет басшысы Әлихан Смайылов "ҚазМұнайГаз" бен "Қазақстан темір жолы" компаниялары мен жауапты мемлекеттік орган басшыларына жағдайды қалыпқа келтіруді жүктеді.