Қазақстан мен Әзербайжан өзара тауар айналымын 1 млрд долларға жеткізуге ниетті

Қазақстан мен Әзербайжан өзара тауар айналымын 1 млрд долларға жеткізуге ниетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бакуге жасаған ресми сапары барысында осындай жаңа меже белгілеп қайтты.

Қос тарап та бұл әбден мүмкін дейді, тек лайықты логистика керек. Бүгін тараптар 20-дан астам құжатқа қол қойды. Экономикалық блоктан бөлек қазақ пен әзербайжан халқының мәдени, рухани байланысы да президенттердің назарынан тыс қалған жоқ. Мысалы, қазақ тарапы Әзербайжанның Физули қаласында балаларға арналған шығармашылық орталық салып бермек. Сондай-ақ осы сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевке ең жоғары мемлекеттік награда табыстады.

Бұл екі президенттің мұндай деңгейдегі алғашқы кездесуі. Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев түрлі алаңдарда жүздескенімен Әзербайжан президенті қазақстандық әріптесін өзінің қала сыртындағы «Загульба» резиденциясында алғаш қарсы алып отыр. 

Әдетте мұндай ресми сапарлар келіссөз үшін керек. Мұны қос президент те жақсы түсінеді. Себебі, екеуі де кәсіби дипломаттар. Екеуі де бір оқу орнын, Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын тәмәмдаған. Халықаралық қатынастан бөлек, бір-бірін бауыр санайтын Қазақстан мен Әзербайжан халқының қазіргі қарым-қатынасына қарқын қосу керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Мен бүгін ресми сапармен келіп отырмын. Президент ретінде бұл алғашқы сапарым. Сапар кезінде бірқатар маңызды мәселелер туралы пікір алмасу болады. Өте маңызды құжаттарға қол қоймақшымыз. Сондықтан бұл сапар үлкен серпін береді екі еліміз арасындағы қарым-қатынасқа, ынтымақтастыққа.

Қазақстан мен Әзербайжан құрлықта шектеспейді, ортаны тек Каспий кесіп жатыр. Былтыр елдер арасындағы тауар айналымы 332 млн АҚШ долларыннан сәл асқан. Алғашқы сапар, жаңа меже. Қазақстан мен Әзербайжан арадағы тауар айналымын 1 млрд долларға жеткізуге ниетті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Мен Бакуге ерекше миссиямен келдім. Ол біздің елдер арасындағы достастықты жаңа деңгейге шығару. Кейінгі жылдары тауар айналымының айтарлықтай, үш есеге жуық өскеніне қуаныштымын.  Бірақ бұл, әрине, жайбарақат жүруге негіз емес екенін атап өткім келеді. Сауданы арттыруға мүмкіндіктер бар деп есептеймін.  Біздің үкіметтеріміз жақын арада елдеріміз арасындағы тауар айналымын 1 миллиард долларға дейін ұлғайту үшін жұмыс істеуі керек.

Ең бастысы әлеует бар. Каспийді кемемен кесіп өтіп, алыс-берісті үзбеу болады. Жалпы Каспийге тек теңіз ретінде қарайтын заман өтті, кетті. Ендігі меже - Каспиді халықаралық көлік хабына айналдыру. Жергілікті халық Хазар деп атайтын теңіздің тасымалдау қуатын жылына 135 млн тонна деп бағалайды сарапшылар. Дегенмен, елдер осы әлеуеттің тек 30 млн-ын ғана пайдаланып отыр.  

Ильгар Велизаде, «Оңтүстік Кавказ» саясаттанушылар клубының жетекшісі:

- Каспий көлік бағыты шеңберінде тасымалдау жүйесін оңтайландыру қажеттігін тараптар түсініп отыр. Біз Қазақстанда, атап айтқанда Ақтауда, Құрықта, Атырау облысында порт шаруашылығының салынып, жаңғыртылып жатқанын мұқият бақылап отырмыз және осы порт қуаттарының барлығы біздің халықаралық «Алят» сауда портымен өзара іс-қимыл жасауына мүмкіндік береді. Бірақ, егер біз мұнайды, мұнай өнімдерін тасымалдау сапасы туралы айтатын болсақ, паромдар мен танкерлер тапшы. Қазақстанда өз танкерлік флотын құру туралы шешім қабылданды, бұл шешім өте прагматикалық және осыдан кейін елдер арасындағы тасымалдау көлемі айтарлықтай өседі деп ойлаймын.

Әзербайжан бізден бидай алады, қазақстанда құрастырылған теміржол локомотивтеріне де сұраныс көп. Қазақстандық тарап тасымалдайтын тауарлар тізімін ұлғайтпақ. 

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ҚР Сауда және интеграция министрінің м. а.:

- Мен жаңа келе жатқанда Казтрейдтің бір сообщение жіберді. Тек бүгін 11 млн-ға келісім шартқа отырады екі компания. Біреуі вагондар сатады, екіншісі май сатады Әзербайжанға. Былтыр 38 млн қосымша болды жаңа тауарлар.

Экономикалық байланыстан бөлек, рухани, гуманитарлық байланысты да әлсіретіп алмаған абзал. 44 күндік Қарабақ қақтығысынан соң Әзербайжан қазір бұл аймақты қайта түлетуге күш салып жатыр. Оған Қазақстан да үлесін қосып, Физули қаласында Құрманғазы атындағы шығармашылық орталық салып бермек. Өнер орталығының жалпы ауданы – 3100 шаршы метр. Екі қабатты ғимарат 600 адамға арналған. Биыл қыркүйек айында іргетасы қаланып, 2023 жылдың желтоқсанында пайдалануға беріледі.

Жалпы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл сапары аясында тараптар 20-дан астам құжатқа қол қойды. Оның ішінде, елдер арасындағы өзара іс-қимылды тереңдету туралы декларация, Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы ынтымақтастықты дамытудың алдағы төрт жылдық кешенді бағдарламасы да бар. 

Қос президент те бүгінгі келіссөздерге жемісті өтті деп баға берді. Ынта болса, ынтымақтастық болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Ауыл шаруашылығы саласын ерекше атап өткім келеді. Бұл жерде біз бір-бірімізді толықтыра аламыз. Қазақстан астық, бидай және ауыл шаруашылығы өнімдерінің басқа да түрлерін жеткізуге мүмкіндігі бар екенін білесіздер. Өз кезегінде бізге Әзербайжаннан ауыл шаруашылығы өнімдерін – жеміс-жидек пен көкөністерді импорттау қажеттілігі туындап отыр. Жалпы алғанда, қазақстандық өндірушілердің бірқатары Әзербайжанға жалпы сомасы 300 миллион доллардан асатын 100 түрлі тауар көлемін ұлғайтуға дайын. Сондықтан біз осы тауар айналымның логистикасын қамтамасыз етуіміз керек және бұл біздің үкіметтеріміздің міндеті. Бүгін осы жөнінде келістік.

Екі жақты саяси, экономикалық және мәдени қатынастарды нығайтуға және дамытуға қосқан айрықша үлесі үшін. Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевті «Алтын Қыран» орденімен марапаттады. «Алтын Қыран» - 1995 жылы бекітілген Қазақстанның ең жоғары мемлекеттік марапаты болып саналады. 

Ильхам Әлиев, Әзербайжан Республикасының президенті:

- Бүгінгі таңда егемендік жолымен сенімді қадам басып келе жатқан екі тәуелсіз мемлекет - Қазақстан мен Әзербайжан экономикалық дамудың және әлеуметтік мәселелерді шешудің жоғары қарқынын көрсетіп келеді. Әлемдік аренада біздің елдеріміздің беделі артып келеді. Мен бұл марапатты бүкіл әзербайжан халқына деген құрметтің белгісі деп білемін. Сіздің қолыңыздан осы марапатты алу мен үшін зор абырой. Сіз жүзеге асырып жатқан реформалар курсын толық қолдайтынымды тағы бір рет айтқым келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл сапары қос елдің дипломатиясы үшін маңызды датамен тұспа-тұс келді. Енді үш күннен соң Қазақстан мен Әзербайжан арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толады. Бүгін мемлекет басшысы Қазақстанда Әзербайжан мәдениетінің онкүндігін өткізу туралы ұсыныс айтты. Себебі саясат пен экономикадан да маңызды мәселе бар, ол бауырлас халықтардың жақындығы.

Гүлжан Марқабаева, Жандос Битабаров, Дулат Ентебеков