Қазақ-қытай ынтымақтастығының жаңа дәуірі басталды

Кешеден бері әлем назары Қазақстанның елордасына ауды. Таңертең діндер көшбасшыларының съезі басталса, түс ауа Қытай халық республикасының көшбасшысы Си Цзиньпин елімізге мемлекеттік сапармен келді. Кездесу барысында тарихи құжатқа қол қойылып, екі мемлекет ынтымақтастығының жаңа дәуірі басталды. 

Назерке Әбдірахманқызы, тілші:

- Қытай көшбасшысы 2 жыл пандемиядан кейін мемлекеттік сапарын Қазақстаннан бастады. Осыдан-ақ алпауыт елдің бізге көзқарасын байқауға болады. Күні кеше Си Цзиньпиннің көлемді  мақаласы шықты. Ол бұл сапарға ерекеше мән беріп отыр. Әрі бұл жүздесу екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп тұр.

Мәртебелі мейманды елорда әуежайынан Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі күтіп алды. Құрмет қарауылы саптүзеп, гүл шоғы ұсынылды. Рәсім аяқталғаннан кейін Президенттер мінген кортеж Ақордаға бет алды. Бұл уақытта Протокол қызметі дайындықты пысықтап жатты. Ал, операторлар әрбір сәтті қалт жібермеуге тырысып бағуда. Жүздесуге  Қытай тарапы да аса мән беруде. Ондағы белді ақпарат агенттіктері кешеден бері сапар жайында жарыса жазып еді. Бүгін де Ақорданың іші шетелдік журналистерге толы. 

Си Цзиньпин қазақ жеріне осыдан 5 жыл бұрын атбасын бұрып еді. Бірақ мемлекеттік мәртебеге ие бұл сапардың жөні бөлек. Пандемия кезінде сауда айналым төмендеп кетті. Бірақ былтыр арадағы алыс-беріс қайта жанданып, екіжақты тауар айналымы 25 миллиард долларға жетті.

Си Цзиньпин, ҚХР Төрағасы:

- Қытай үкіметі Қазақстанмен арадағы қарым-қатынастарға зор көңіл бөлетініне тағы да қайталап айтқым келеді. Халықаралық жағдай қалай өзгерсе де, біз алдағы уақытта Қазақстанның тәуелсіздігін, егемендігін және территориялық тұтастығын сақтауына қолдау көрсетеміз. Тұрақтылық пен дамуды қамтамасыз ету жөніндегі Сіз жүргізіп жатқан реформаларды толық қолдай отырып, сіздің еліңіздің ішкі істеріне қандай да бір күштердің араласуына үзілді-кесілді қарсы боламыз. Қытай Қазақстанның сенімді досы және сенімді серіктесі.

Қытаймен татукөршілік саясат ұстану алдымен біз үшін тиімді. 1 млрд-тан астам халқы бар нарыққа кіруге мүмкіндік туады. Одан қалса, Тыңық мұхиты арқылы Азия мемлекеттерімен сауда-саттық жасай аламыз. Әсіресе қазіргі геосаяси тұрақсыздық кезінде аспан асты елімен әріптестікті жандандыру маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Құрметті Төраға мырза. Бұл пандемиядан кейін сіздің шетелге алғашқы сапарыңыз. Сондықтан осы сапарыңыздың тарихи мағынаға ие. Мен мұны жоғары деңгейдегі өзара сенім мен ынтымақтастықтың көрінісі деп бағалаймын. Биылғы 5 ақпанда XXIV Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына қатысқанымды білесіз. Сол кезде Бейжіңде өткен кездесуімізді ықыласпен еске аламын.

Тараптар көлік-логистика, азық-түлік өнеркәсібі, ауыл шаруашылық салаларындағы ынтымақтастықтың жай-жапсарын талқылады. трансшекаралық өзендер мәселесін де сөз етті. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев, 2019 жылы Бейжіңге мемлекеттік сапармен барған кезінде келісілген уағдаластықтардың бүгінде сәтті іске асып жатқанын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

Келіссөздерден кейін мемлекет басшылары екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай бірлескен мәлімдеге қол қойды. Бұл құжат екі ел ынтмақтастығының жаңа дәуіріне жол ашты. Қасым-Жомарт Тоқаев қарым-қатынастың  «алтын 30 жылдығына» қадам бастық десе, Си Цзиньпин  екі ел әріптестігі тарихи бастау алды деп сөзін түйіндеді. Қазақ көшбасшысы ынтымақтастықты дамытуға қосқан айрықша үлесі үшін әріптесін «Алтын Қыран» орденімен марапаттады. Бұл біздегі ең жоғары мемлекеттік награда. 

Назерке Әбдірахманқызы, Марат Әріпханов