Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері VII съезінің декларациясы қабылданды

Құжат мәтінін Англикан шіркеуінің арнайы өкілі Доркинг епископы Джо Бейли Уэллс таныстырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Онда «Біз жер жүзінің пандемиядан кейінгі дамуы мен әлемдік процестердің жаһандануы және қауіпсіздікке төнетін қатерлер жағдайында, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі бейбітшілік пен ынтымақтастық үшін диалогты нығайту, сондай-ақ рухани және адамгершілік құндылықтарды ілгерілету жөніндегі бірлескен күш-жігерді іске асыруда маңызды рөл атқаратынын мәлімдейміз», – деп жазылған. 35 тармақтан тұратын құжатта жаһандық проблемалар барынша қамтылған. Айта кетейік, Декларация БҰҰ Бас Ассамблеясы 77-сессиясының ресми құжаты ретінде таратылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VII съезге қатысқан делегация басшыларына және шараға үлес қосқан барлық қатысушыға алғысын білдірді. Мемлекет басшысы бұл форум аса жоғары мәнге ие, нәтижелі диалог алаңы болғанын атап өтті. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кезекті VIII Съезін 2025 жылы Қазақстанда өткізу туралы, шешім қабылданды.