Президент америкалық ірі компаниялардың басшыларымен кездесті

Мемлекет басшысы қаржы, энергетика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, көлік, ақпараттық технологиялар, білім беру салаларында жұмыс істейтін америкалық ірі компаниялардың басшыларымен кездесті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың америкалық ірі компаниялардың басшыларымен кездесуі әлемдегі ең ірі инвестициялық банктердің бірі Goldman Sachs-тің мұнай және шикізат саудасы жөніндегі жаһандық басқарушы директоры Эд Эмерсонмен әңгімелесуден басталды. Кездесу барысында Қазақстанда жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Қазіргі уақытта бұл банк «Астана» халықаралық қаржы орталығымен табысты ынтымақтастық орнатқан. Сондай-ақ энергетика саласын дамытудың келешегі жөнінде де пікір алмасты.

Grupo Los ГРОБО  компаниясының төрағасы Густаво Гробокопательмен және Халықаралық даму орталығының өсім зертханасының директоры, Гарвард университетінің профессоры Рикардо Хаусманмен кездесуде ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды.

JPMorgan Chase & Co. компаниясының төрағасы – бас атқарушы директоры Джейми Даймонмен өткен кездесуде қаржы институттарының өзара іс-әрекеті қарастырылды. Сондай-ақ әлемдік экономиканың, оның ішінде қаржы нарықтарының даму перспективалары туралы пікір алмасты.

Президент әлемдегі ең ірі қаржы-талдау компанияларының бірі S&P global компаниясының вице-президенті Дэниэл Ергинмен энергетикалық қауіпсіздік саласының өзекті мәселелері мен еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру шаралары жөнінде пікір алмасты.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы ЕРАМ systems компаниясының негізін қалаушы және директорлар кеңесінің төрағасы Аркадий Добкинмен кездесті. Кездесу барысында Қазақстанда толыққанды технологиялық хаб құру және IT саласында адами капиталды дамыту мәселелері әңгіме арқауына айналды. ЕРАМ systems – бағдарламалық қамтамасыз ету және күрделі цифрлық платформаларды әзірлеу қызметін көрсететін әлемдік жетекші компания.

Ал КОРCЕРА компаниясының бас директоры Джефф Маджионкалдмен кездесуде мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру, университеттерді академиялық қолдау сынды білім беру саласының мәселелері қарастырылды. Айтпақшы, КОРСЕРА – білім беру және заманауи өмірлік дағдыларды оқыту саласындағы көшбасшы компаниялардың бірі.

Сонымен қатар Президент Microsoft компаниясының Орталық Азия және Шығыс Еуропа бойынша бас менеджері Мишель Симмонспен  жолықты. Әңгімелесу барысында компанияның Қазақстандағы қызметін кеңейту перспективалары, оның ішінде IT зертханасын ашу және IT мамандардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау жоспары туралы айтылды.

Әйгілі General Electric International Markets елімізге медициналық жабдықтар өндірісін көшіруге ниетті. Атап айтқанда ультрадыбыстық зерттеу мен компьютерлік томограф аппараттарын шығаратын жаңа өндірістік желіні іске қосу жоспарланып отыр. Мұны Нью-Йоркте Мемлекет басшысымен кездесуде компанияның аға вице-президенті Набил Хабайеб айтты.

Ал ExxonMobil корпорациясының аға вице-президенті Нил ЧЕпманмен кездесуде еліміздің көмірсутек секторында бірқатар жобаны іске асыру барысы талқыланды. Тараптар Қашаған кен орнында толық ауқымды өндірісті қайта бастау мерзімін де сөз етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Franklin Templeton жаһандық инвестициялық фирмасының бас директоры Дженни ДжОнсонмен де кездесті. Әңгіме барысында біздің елде бірлескен жобаларды іске асырудың мүмкіндіктері қарастырылды. Сондай-ақ әлемдік экономика мен қаржы нарықтарының одан әрі дамуы жөнінде пікір алмасты. Franklin Templeton – 1,5 трлн долларлық активке ие жаһандық инвестициялық компания.