Қ.Тоқаев БҰҰ жалпы дебатына қатысты – Нью-Йорк

Батыс пен шығысқа диалог керек. Қауіпсіздік сәулеті қирай бастады. Державалар арасындағы өзара сенімсіздік қауіпті деңгейге тереңдеп барады. Екі бірдей буынның өмірінде алғаш рет ядролық қару қолдану қаупімен тап келіп отырмыз. Оның өзінде ақырғы амал ретінде қолдану емес. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар ұйымында айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Президент Бас Ассамблеяның 77-сессиясының жалпы дебатында сөйледі. Сегізінші, яғни алғашқылардың бірі болып әлем мінберіне шыққан қазақ басшысы экономикалық санкциялар туралы да айтты. «Бұл құбылыс жаһанда тауарды тұрақты жеткізіп тұруға кесірін тигізді. Содан инфляция өсіп барады. Мұндай дағдарыс елдердің тұрақты дамуына кедергі тигізіп жатыр» деді. Сонымен қатар Президент сессия кезінде Орталық Азия халықаралық серіктестіктің үлкен алаңына айналғанын да тілге тиек етті. Осы орайда Қазақстанның әлеуетін айтты. Әсіресе азық-түлікті жеткізуші ел ретінде мол мүмкіндігіміз барын жеткізді.