Президент Мәжіліс төрағасын қабылдады

Мемлекет басшысы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановты қабылдады.

Ол Президентке Парламент Мәжілісінің заң шығару қызметі туралы ақпарат берді. Палата мақұлдаған заң жобалары биыл өткен референдумда халық дауыс берген конституциялық реформалардың негізгі ережелерін жүзеге асыруға бағытталған. Енгізілетін заң нормалары азаматтардың конституциялық құқықтарының қорғалуын күшейтуге және тұрғындардың еліміздің саяси өміріне араласу мүмкіндігін кеңейтуге септігін тигізеді. Ерлан Қошанов Қасым-Жомарт Тоқаевқа парламенттік дипломатия және шет мемлекеттердің заң шығарушы органдарымен арадағы іс-әрекеттер аясындағы жұмыстардың негізгі басымдықтары туралы айтты. Мәжіліс төрағасы Мемлекет басшысына Түркияның Изник қаласында өткен IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының салтанатты ашылу рәсіміне еліміздің делегациясының қатысқаны жөнінде баяндады. Түркі қоғамдастығы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын 2024 жылы Қазақстанда өткізу жөніндегі ұсынысты бір ауыздан қолдады.