Президент Жетісу облысын дамытудың басты бағыттарын айқындап берді

Қазақстандықтар тұтынатын қанттың бүгінде 7 проценті ғана отандық. Алдағы уақытта оны 43 пайызға арттыру көзделіп отыр.

Жетісу облысына жұмыс сапарымен барған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Сондай-ақ Президент өңірді газбен қамту, жол сапасын жақсарту бойынша атқарушы билікке нақты тапсырмалар берді.

Қаратал өзені қақ жарып ағатын қалаға келген Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен өңірдің дамуына сүбелі үлесін қосып келе жатқан азаматтармен, еңбек ардагерлерімен кездесті. Жиында Мемлекет басшысы бірден Жетісу облысын дамытудың басым бағыттарын айқындап берді. Алдымен Президент Ауыл шаруашылығын дамыту және азық-түлік өнімдерін өндіру мәселесіне тоқталды. 

Қант өндірісі артады 

Айта кетейік, еліміздегі 4 қант зауытының екеуі Жетісуда орналасқан. Оның біреуі  Ақсу қант зауыты жұмыс істемей тұр. Зауытты іске қосуға 2017 жылдан бастап облыстық бюджеттен 12 миллиард теңге жұмсалды. Алайда, серіктес инвестор тарапынан серпінді жұмыс байқалмай отыр. Биыл жазда елімізде қант бірден қымбаттап, тіпті, тапшылық туындады. Президент мұның бәрі құзырлы органдардың салғырттығының кесірінен болғанын айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Қант саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі кешенді жоспары әзірленді. Оған 500 миллиард теңгеге жуық инвестиция салу көзделіп отыр. Алдағы 5 жылда өзіміз өндіретін қанттың үлесі 7 пайыздан 43 пайызға дейін өседі.

Жетісу облысында қант қызылшасы егілетін аумақты 2,5 есе ұлғайтып, 15 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Биылғы қант тапшылығы мәселесі өзіміздің шаруаларды қолдау өте маңызды екенін көрсетті. Жәрдем шаралары тек қазақстандық фермерлерді қолдауға арналған.

Су құбырлары жөнделеді

Жетісу облысында су құбыры желілерінің 37 проценттен астамы әбден тозған. 1 мың 200 шақырым құбыр желісі күрделі жөндеуді қажет етеді. Президент әкімдікке құбыр желілерін кезең-кезеңімен жаңартуды тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ Текелі қаласы тұрғындарының таза ауыз сусыз отырғанын сынға алды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Бұл мәселені ұзаққа созбай шешу керек. Облыс және қала әкімдері аталған тапсырманың орындалуына тікелей жауапты. Үкімет республика бюджетінен алдағы жылы қаржы бөлу мәселесін қарастыруға тиіс.

Елді мекендерге газ жетеді

Келесі маңызды бағыт өңірді газбен қамтамасыз ету. Бүгінде көгілдір отын облыс тұрғындарының 10 пайызына ғана қолжетімді. «Алматы – Талдықорған» магистральді газ құбыры салынып, облыс орталығына газ толық берілді. Президент 2025 жылға қарай Кербұлақ ауданынан Талдықорған қаласының маңына дейін барлық елді мекенді газбен толық қамтамасыз етуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Сонымен қатар «Талдықорған – Үшарал» бағытында газ құбырын тарту керек. Бұл 180 мың адам тұратын Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарына газ жеткізуге мүмкіндік береді. Үкіметке осы жобаны қаржыландыруды тапсырамын.

Облыста жол апаты жиілеген. Тек биыл 9 айдың ішінде 61 адам көлік апатынан көз жұмған. Президент «бұл жантүршігерлік жағдай» екенін атады. Мәселені шешу үшін жолдардың жағдайын жақсарту да маңызды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» және «Үшарал – Достық» тас жолдары салынып жатыр. Осы жылдың соңына дейін жолдың асфальтты қабатын салып бітіру қажет. Құзырлы органдарға жұмыс барысын қатаң бақылауға алып, келесі жылы толық пайдалануға беруді тапсырамын. Кербұлақ және Панфилов аудандары арқылы өтетін республикалық күре жолды жөндеу мәселесі өзекті болып тұр. Бұл өте маңызды жол. Сондықтан Үкімет пен әкімдікке ондағы күрделі жөндеу жұмысын алдағы 2 жылдың ішінде аяқтауды тапсырамын.

Қымбатшылық қыспаққа алған тұста халықтың еңсесін тіктеу маңызды. Президент осы тұста жақында тиісті ұсыныс жасайтынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Мен тағы бір күрделі мәселеге тоқталғым келіп отыр. Елімізде көп адам несие алып, қарызға батып жүр. Бұл мәселе мені де қатты толғандырады. Таяу арада мен осы мәселе бойынша ұсынысымды халыққа жариялаймын.

Мемлекет басшысы елеулі жетістіктері мен Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін Жетісу өңірінің бірқатар азаматын мемлекеттік наградалармен марапаттады. Олардың қатарында шаруашылық қожалығының шопаны Ардақ Бекчойнов та бар. 

Достық Талғатұлы, тілші:

- Жетісудан шыққан азаматтар тәуелсіздік кезеңінде елімізді дамытуға зор үлес қосты. Президент олардың ішінде белгілі журналист, қоғам қайраткері Бейсен Құранбекті ерекше атап өтті. Бұған дейін мына тұрған журналистер үйіне Бейсен Құранбектің есімін беру туралы ұсыныс айтылып жүрген еді. Президент бұл бастамаға қолдау білдірді. Енді облыс орталығындағы қара шаңырақ қазақ журналистикасының қара нары Бейсен Құранбектің есімімен аталатын болды.

Биыл Талдықорған қаласында тігін фабрикасы ашылды. Кәсіпорын бүгінде 161 адамды жұмыспен қамтып отыр. Еңбеккерлердің басым бөлігі көп балалы, жалғызбасты аналар, мүмкіндігі шектеулі адамдар, зейнеткерлер. Сапар аясында Мемлекет басшысы кәсіпорын жұмысымен танысты. Мұнда бүгінде түрлі сала жұмысшыларына арналған арнайы киімдер тігіледі. Тапсырыс өте көп. Қасым-Жомарт Тоқаев жұмысшылармен (тігіншілермен) кездесіп, еліміз үшін жеңіл өнеркәсіпті өркендетудің өте маңызды екенін атап өтті.

Ләззат Көшербаева тігін фабрикасы ашылғанын естіп, бірден жұмысқа келген. Бұған дейін Кеңес үкіметі тұсында Текелі қаласындағы осындай кәсіпорында 20 жыл жұмыс істеген. Алайда 90-шы жылдардағы тоқырауда фабрика жабылып, кейіпкеріміз жұмыссыз қалған еді. 30 жыл үзіліске қарамастан шебердің қолы икемділігін жоғалтпаған.

Ләззат Көшербаева, тігінші:

- Бірінші күні отырғанда мен сразу осы машинкаға ғашық болдым. Бұрынғы машинкамен салыстыруға келмейді. Осы жерде мен жұмыс істеп отырғанда мен жаным жәй тауып, демалып отырамын.

Жыл соңына дейін фабрикадағы жұмысшылар санын 350-ге жеткізу көзделіп отыр. Ал алдағы жылдары кәсіпорын жанынан тағы қосалқы цехтар салынады. Сәйкесінше тігіншілер қарасы да көбейеді.

Жарылқасын Болатұлы, тігін фабрикасының директоры:

- Тігіншілер 50-60 мыңнан жоғары алмайтын. Біз сдельный жұмысқа отырғыздық. Қазір тігіншілеріміз 200 мыңдай зарплата алады таза қолдарына. Расходтары жоқ. Алып келеді үйлерінен, апарады. Үш рет тамақтарын береміз.

Жетісу облысы болып биыл қайта құрылған өңірдің бүгінгі даму қорқыны жақсы. Ендігі мақсат Президенттің бүгінгі тапсырмаларын сәтті жүзеге асырып, әлеуметтік мәселелерді түбегейлі шешу, сәйкесінше халықтың тұрмыстық жағдайын жақсарту. Ол үшін тиісті қаражат бөлінеді. Атқарылатын жұмыстың бәрі Мемлекет басшысының жіті бақылауында болады.

Достық Талғатұлы, Айдос Меделбеков, Ділмұрат Сейдаханов