Республика күнін мерекелеу үшін елордалықтар Экспо алаңына жиылды

Мұнда халық назарына «Қазақстаным менің» атты концерттік бағдарлама ұсынылды. Сағат 16:00-де басталған мерекелік іс-шараның шымылдығын өнерпаз балалар ашты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айтулы күнге орай, астаналық өнер мектебінің оқушылары ән мен күйден шашу шашты. Араларында жеке авторлық туындыларын орындаған әнші бүлдіршіндер де бар. Балақайлардың өнеріне тәнтті болған жұрт тарқамады. Өйткені, мерекелік думанның көрігін елордалық көркемөнерпаздар ұжымы, қалалық филармонияның әртістері және эстрада жұлдыздары қыздырды.

Нұржамал Үсенбаева,  Қазақстан Республикасының Халық әртісі:

- Республика мерекесімен құттықтағым келеді. Осылай аспанымыз ашық, еліміз аман, Қазақстанымыз дами берсін, гүлдене берсін, өрлей берсін дегім келеді. Керемет күн, керемет халық.  Жақсы қабылдап жатыр.

Айта кетейік, ашық аспан астындағы концерт түнгі сағат 23:00-ге дейін жалғаспақ. Ал, республика күнін ұлықтап келген елордалықтар барша халыққа ақ-жарма тілектерін арнап жатты.

- Бұл өте үлкен күн деп санаймын. Қазақстан тек қана көркейе  берсін, бай болсын, алға Қазақстан!

- Біз өте қуаныштымыз. Осы мерекеміз , Республика күні 13 жылдан кейін қайта оралып, біздің Президентіміз Тоқаевтың арқасында осылай боп жатқанына өте қуаныштымыз. Еліміз аман-болсын, жұртымыз тыныш болсын, келе жатқан сайлауды жақсы өткізуге нәсіп етсін!