Тоқаев шетелдік дипломаттармен кездесуде не туралы айтты?

Атом энергиясын қару ретінде емес, тек бейбіт өмір үшін пайдалану керек.

Мұны бүгін Президент Ақордада дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдардың басшыларын қабылдау барысында айтты. Әуелі елде жүргізіліп жатқан реформаларды сөз етіп, сосын экономикаға тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда еркін нарықтық экономика құруға ерекше мән беріліп жатқанын атады.

Ядролық қарудан қауіп қашан да болған. Ал жаһанда қазір бұл апаттың бұлты қоюлана түсті. «Атом қаруын қолданамыз» деген сипатта мәлімдеме көбейді. Қазақ басшысы дипломаттар алдында атом энергиясын қару ретінде емес, тек бейбіт өмір үшін пайдалану керек деді. Сосын әлемдік саясаттағы ұстанымын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының президенті

Қазақстан бейбітшілік, ынтымақтастық және сенім құндылықтарын берік ұстанады.  Біз БҰҰ-ның Жарғысы мен халықаралық құқыққа негізделген мемлекеттердің теңдігі, егемендігі және территориялық тұтастығы қағидаттарын қолдаймыз.

Транскаспий бағытының әлеуеті артады

Елдер арасына жік түскен соң қазір жаһанның экономикасы да мәз болмай тұр. Ал дағдарыс «жаңа мүмкіндіктерге жол ашады» деген түсінік бар. Біздің ел осы аумалы-төкпелі шақта жаңа мүмкіндіктерді қарастырып жатыр. Президент аграрлық, өндірістік сектор, энергетика, «жасыл» қаржы салаларында Қазақстанның әлеуеті зор екенін атап өтті. Сосын көлік-логистикадағы мүмкіндігімізге тоқталды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының президенті:

- Қазіргі уақытта Қытай – Еуропа дәлізі бойынша құрлықтағы транзиттік тасымалдың 80 пайыздан астамы біздің еліміз арқылы кедергісіз өтеді.  Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша, көлік-транзит әлеуетінің дамуы Орталық Азия елдерінің тұтас ЖІӨ-мін 15 пайызға өсіруге ықпал етуі мүмкін. Қазақстан қазірдің өзінде «Бір белдеу – бір жол» бастамасын жүзеге асыруда маңызды рөл атқарады. Бұдан бөлек, «Орта дәліз» деп аталатын Транскаспий халықаралық көлік бағытының маңызы артып келеді. Біз энергетика мен азық-түлік жеткізу ісін әртараптандыруда және қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды саналатын осы бағытты дамыту үшін бірлесіп жұмыс істеуіміз керек.

Серіктестермен байланыс жанданады

Бізде 70 миллиард доллар көлемінде активке ие «Самұрық-Қазына» қоры бар. Әлемнің отыз ірі тәуелсіз қорының қатарына кіреді. Президент шетелдік миссия басшыларын қормен байланыс орнатуға шақырды. Осыдан соң Қазақстан мен Орталық Азия аймағы барлық мүдделі мемлекетпен және ұйымдармен өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға дайын екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының президенті:

- Орталық Азияның аймақтық және жаһандық деңгейдегі маңызының артуына байланысты C5+ форматы серіктестерімізбен арадағы ынтымақтастықты кеңейту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Қазір бұл формат көптеген елмен және өңірлік одақтармен, соның ішінде АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея және кейінгі уақытта Қытай, Үндістан, Ресей, Еуропалық Одақпен белсенді ынтымақтастық орнатты. Орталық Азия экономикасындағы жетекші ел ретінде Қазақстан өңірлік және жаһандық дамуға, сондай-ақ құрлықтар, мәдениеттер мен ұлттар арасын жақындатуға өз үлесін қоса береді. Осыған орай біз әлемдік қауымдастықтың барлық мүшесімен, соның ішінде АСЕАН, Таяу Шығыс, Африка және Америкамен белсенді серіктестігімізді жалғастырамыз.

Саяси реформа – уақыт талабы

Қазақстан қазір жаңару мен жаңғыру жолында. Дипломатиялық корпустың алдында саяси, экономикалық реформалар хақында да айтылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Мунтасер Әбу Зейд, Палестинаның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі:

- Қазір сіздер әр азаматқа тең құқық беруге, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық беріп жатырсыздар. Үкімет үшін мемлекеттік саясаттағы әділдік басты басымдық болып отыр. Қазақстанда дипломатиялық корпус кеңейіп келеді. Әрі қазақ елінің де әлем бойынша дипломатиялық қызметтерінің саны ұлғаю үстінде. Мұның барлығы Қазақстанның әлемдік аренадағы рөлінің артып келе жатқанына дәлел.

Қорған Қонысбайұлы @KORGANTORE

- Реформалардың және бірі экономиканы монополиядан арылту. Жетекші халықаралық қаржы агенттіктері Қазақстанды «тұрақты ел» деп бағалаған. Ал тұрақтылық болса елге инвестиция келеді. Инвестиция тарту бойынша Қазақстан Орталық Азиядағы көшбасшылығын нығайта түсуге ниетті. Кездесудің мақсаты да сол. Дипломатиялық корпусқа елдегі мүмкіндіктерді көрсету.

Қорған Қонысбайұлы