Қ.Тоқаев Самарқандта Венгрия премьерімен кездесті

Президент Самарқандқа жұмыс сапарымен барды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының cаммитіне қатысады. Жиын аясында Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанмен кездесті. Мемлекет басшысы елдер арасындағы қарым-қатынасты, оның ішінде экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін білдірді. Биыл сегіз айда екі жақты тауар айналымы 99,8 млн АҚШ долларына жеткен. Оның 8,6 миллионы экспорт болса , қалғаны импорттың үлесінде. Тараптар алыс берісті одан әрі арттыруға мүмкіндік мол екенін атап өтті. Сондай-ақ кездесуде Қазақстан мен Мажарстан арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстар,  халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі мәселелер талқыланды. Өз кезегінде Виктор Орбан екіжақты кездесуді ұйымдастырғаны үшін Қазақстан тарапына алғыс айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

– Біздің елдер арасындағы байланыс жақсы дамып келе жатыр. Әйтсе де біз екі мемлекеттің ынтымақтастығына тың серпін беруіміз керек деп ойлаймын. Әсіресе, арадағы сауда айналымының көлемі әлі де қанағаттанарлық деңгейде емес. Бұл бағытта  екі елдің де әлеуеті зор. Мажарстан – Қазақстан үшін маңызды серіктес ел. Сіз Премьер-министр ретінде біздің түрлі саладағы ынтымақтастығымызды ілгерілетуге көп еңбек сіңіріп келе жатқаныңызды білемін.

Виктор Орбан, Мажарстан премьер-министрі:

– Қазақстан мен Мажарстан арасындағы қарым-қатынастың орны ерекше. Мен осыдан бірнеше жыл бұрын алғаш рет Премьер-министр қызметін атқарғанда Қазақстан мен Мажарстанның мәдени, экономикалық байланыстары өте берік болғанын білемін. Енді екі елдің ынтымақтастығына бизнес өкілдері тың серпін беруі керек. Қазақстанның ірі компаниялары Мажарстанға инвестиция құйса, экономикалық қарым-қатынасымыз жаңа деңгейге көтерілер еді.