Президент үш мемлекеттің елшілерінен сенім грамотасын қабылдады

Бүгін үш мемлекеттің төтенше және өкілетті елшілері ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім грамоталарын тапсырды.

Осы мақсатта Ақордаға АҚШ елшісі Дэниэл Розенблюм, Сьерра-Леоне Республикасының елшісі Мұхамед Йонгаво және Молдова Республикасының елшісі Лилиан Дарий келді. Президент дипломаттарды Қазақстандағы ресми миссияларының басталуымен құттықтап, екі жақты ынтымақтастықты дамытуға үлес қосатынына сенім білдірді. Сондай-ақ Қазақстанның достық және өзара тиімді қарым-қатынастарды нығайтуға бағытталған бейбіт әрі ашық сыртқы саясат жүргізетінін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Қазақстан бейбітсүйгіш ел. Ашық сыртқы саясат жүргізіп отырмыз. Қарым-қатынас жасайтын елдің бәрі бейбіт өмір сүруге тиіс деп санаймыз. Осы бағытта жасалып жатқан реформаларды жүзеге асыру үшін жан-жақты жағдай жасаймыз. Сондықтан сіздердің елдеріңізбен достық байланыс орнатуға дайынбыз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, сіздерге сәттілік тілеймін.

Содан кейін Мемлекет басшысы АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дэниел Розенблюмді қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-пен барлық бағытта стратегиялық серіктестікті нығайтуға және кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді. Өз кезегінде Дэниел Розенблюм Қазақстан Орталық Азиядағы сенімді серіктес екенін атап өтіп, АҚШ тарапы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  жүргізіп жатқан реформаларын толығымен қолдайтынын жеткізді.