Инфляция деңгейі рекордтық көрсеткішке жетті

Елде инфляция деңгейі артты. Бұл туралы бүгін Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкімет отырысында мәлімдеді.

Оның айтуынша, соңғы рет мұндай инфляция 2008 жылы болған. Ведомство басшысының айтуынша, ахуалдың бұлайша қалыптасуына азық-түліктің қымбаттауы ықпал етті. «Алдағы бір-екі айда баға тағы да өседі», – деді ол.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Биыл азық-түлік құны тағы да қымбаттайды деген болжам бар. Ұлттық банк базалық мөлшерлемені ұлғайтып, баға өсімін тұрақтандыруға барын салып жатыр. Нәтижесінде оның қарқыны сәл бәсеңдейді деп күтіп отырмыз. Жазда біз маусымдық тауарлардың арқасында инфляцияны тежеп тұрдық. Қазір Жаңа жыл қарсаңында баға шарықтауы әбден мүмкін. Бірақ біз негізгі тауарлардың құнын бір деңгейде ұстап тұруға тырысамыз.