loader


Халықтың басым даусына ие болған кандидат елді 7 жыл басқарады

Бұл ел тарихындағы жетінші Президент сайлауы.

Халықтың басым дауысына ие болған үміткер 7 жыл ел басқаратын болады. Ал өкілеттік мерзімі өткеннен кейін келесі сайлауға түсе алмайды.

Соңғы үш жылда елімізде біршама саяси реформа іске асты. Негізгі ұстаным "Халық үніне құлақ асатын мемлекет". Ал "Қаңтар оқиғасы" жүйеге басқаша қарауға түрткі болды. Осылайша 2024 жылы өтуге тиіс Президент сайлауы 2022-нің қарашасына ауыстырылды. Келесі жылы Парламент сайлауы болады. Бұл саяси шешімдердің азаматтық қоғамды дамытудағы рөлі орасан. 

Ерлан Ахмеди, қоғамдық саясат институтының бас сарапшысы:

- Осы саяси сайлау циклдерінің нәтижесінде біздің барлық билік тармақтары президент институты, парламент мәслихаттары келесі жылдың ортасына қарай, жаңғыртылып, жаңа бағытқа жүретін болады. Бұл сайлау циклдері осындай институттардың күшеюіне және демократиялық дәстүрлерге негізделіп дамуына жақсы әсерін тигізетін болады.

Саяси додаға 6 кандидат қатысып жатыр. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербейтін әйелдер де белсенді. Кандидаттардың бағдарламасы елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға, бәсекеге қабілетті мемлекет құруға бағытталған. Бүгінгі сайлаудың басты ерекшелігі - мемлекет басшысын бір реттік 7 жылдық мерзімге сайлаймыз. Бұл кез келген ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру үшін жеткілікті кезең дейді мамандар.

Талғат Жанысбай, саясаттанушы:

- Біз президенттік басқарудан біртіндеп парламенттік республикаға ауысатын боламыз. Яғни толықтай парламенттік республика болатын болсақ, түгелдей заң күші осы парламентте болады. Сондықтан келесі сайланатын президент, ол өзі арнайы заң шығара алмайды және заңға қол қоя алмайтын болады.

Иә, бүгін қазақстандықтар кандидаттар арасынан өз Президентін таңдайды. Жауапты қадам. Сондықтан, конституциялық құқықты пайдаланудан қалыс қалмаған жөн. Бұл үшін республика бойынша 10 мыңнан аса учаске әзірленді. Оның 68-і 53 мемлекетте құрылған.

Мерей Мұратханқызы, Мұрат Әріпханов

Сондай-ақ...