Қ.Тоқаев Қазақстан халқына ант берді

Бірер сәт бұрын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты ұлықтау рәсімі аяқталды.

Алдағы 7 жылды бүгінгі буынның және келешек ұрпақтың алдындағы борышымды өтеуге берілген бірегей мүмкіндік деп білемін. Қазақта «аманат» деген асыл ұғым бар.

«Халқымның сенімі маған аманат», - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан дамудың жаңа дәуіріне қадам басты. Біз түбегейлі бетбұрысқа жол ашқан ауқымды өзгерістер жасадық. Конституциялық реформаны жүзеге асырдық. Мемлекетіміздің ең басты салаларын жан-жақты жаңғырттық. Соның арқасында халықтың болашаққа деген үміті артып, сенімі нығая түсті. Мен аймақтарды аралап, тұрғындармен кездескенде бұған айқын көз жеткіздім. Сондай-ақ өткен референдум тың бастамаларды жұртымыздың жаппай қолдайтынын көрсетті. Халықтың дұрыс бағыттағы өзгеріске ұмтылысы жұмысқа зор серпін берді деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ЦИТАТА. "Мен бүгін көк туды сүйіп, дана халқымның алдында бас идім. Азаттық жолында құрбан болған бабалар рухына тағзым еттім. Елімнің арман-мұратына өмір-бақи адал болуға серт бердім. Ешқашан адалдықтан аттамауға және ел мүддесіне қиянат жасамауға ант еттім. Ата заңға қолымды қойып, оның әр сөзін мүлтіксіз орындаймын. Халқымның алдындағы осы антым алдағы қызметімде мен үшін айнымас темірқазық болады".

Өз сөзінде Мемлекет басшысы бірқатар мәселеге назар аударды. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоятынын айтты. Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ бәрімізге сын деді Президент. 

ЦИТАТА. «Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Бұл менің жаңа президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығым болады. Үкімет ауылды дамытуға арналған барлық жобаны жүйелі түрде реттеп, жинақтауға тиіс. Содан кейін мақсатты түрде тиімді жұмыс жүргіземіз».