Президент Екібастұздағы жағдайды қалыпқа келтіруді тапсырды

Энергетикалық орталықтарды мемлекет меншігіне қайтару керек. Президент Әлихан Смайыловқа осындай тапсырма берді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі салғырттықтың салдарынан жылу электр стансалары апатқа жиі ұшырап, халық соның зардабын тартып отыр. Екібастұздағы жағдайдан хабардар болған Президент қала тұрғындарының ахуалына алаңдаушылық білдірді. Мемлекет басшысының пікірінше, азаматтардың тұрмысына қиындық тудыруға және олардың құқын аяқасты етуге жол берілмеу керек. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке және облыс әкімдігіне таяу күндері Екібастұздағы жағдайды қалыпқа келтіріп,  кінәлі адамдарды жауапқа тартуды тапсырды. Екібастұзда техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Соңғы мәлімет бойынша 17 көпқабатты тұрғын үй, бес әлеуметтік және 21 заңды тұлға нысаны әлі де жылусыз отыр. Апаттық режим төтенше жағдай аймағындағы жөндеу жұмыстары толық аяқталғанша күшінде болады.