Келесі жылдан бастап парашютті өзіміз жасаймыз. Қажетті технология мен материалды француздар береді.
Әрі еуропалық компания Балқаш көлінің қасында алып электр станциясын салуға ниетті. Бұл көп келісімнің бір сыпырасы ғана. Мемлекет басшысының Францияға жасаған ресми сапары аясында Астана мен Париж арасында миллиардтаған доллардың келісімі бекіді. Қазақ басшысы Франциямен және жалпы Еуропамен арадағы қарым-қатынасты нығайтатынын айтты. Сосын осы елдің дәулетті тобын Қазақстанға инвестиция құюға шақырды. «Ал инвестицияға өзім кепілдік беремін» деді.
Қорған Қонысбайұлы @KORGANTORE:
- Парижде 5 корольдік алаң болса, соның бірі осы Вандом алаңы. Бұл ауданда көне сарайлар көп. Соның бірінде тұрмыз. 1710 шы жылы салынған мына ғимаратта қазақ басшысы француздың ең ірі деген компанияларының басшыларымен кездесті.
Қазақ президентімен әуелі Électricité de France компаниясының бас директоры жеке жолықты. Люк Ремонмен кездесуде атом энергетикасына озық технологияларды енгізу жайы қаралды. Бұл тақырып Orano компаниясының басшысымен де талқыланды. Француздар атом энергетикасын жетік меңгерген. Пайдасын да көріп отыр. Сондықтан мұндай жобаға үрке қараудың қажеті жоқ дейді.
Николас Маес, ORANO MINING вице-президенті:
- Президент Тоқаев көміртегі бейтараптылығына қол жеткізу туралы мәлімдеме жасағанын білеміз. Қазақстанда атом энергетикасы жиі айтылатын болды. Бұдан қорықпау керек. Мен французбын. Біздің елде 19 атом электр станциясы, 58 ядролық реактор бар. Біз осы станциялардың жанында тұрамыз. Олар қауіпсіз, жақсы жұмыс істейді. Атмосфераға тастайтын улы газы да аз. Сондықтан мұндай жобадан қауіптенбеу керек.
Бұл Франсуа Жаков есімді ірі бизнесмен. Air Liquide компаниясының президенті. Техникалық газ өндірумен айналысады. Қазақстанмен бұрыннан байланысы бар. Біздің елде 120 миллион еуро болатын бірнеше жобаны жүзеге асырған. Еуропаның және бір алыбы - Alstom. Директорлар кеңесінің төрағасы Анри Пупар-Лафарж да қазақ басшысымен жеке кездесуге келді. Alstom жақын арада Қазақстанда электровоз бен оған қажетті жабдық шығармақ. Бұған 50 миллион еуро инвестиция құяды. Әрі Астана, Алматы және Жамбыл мен Түркістанда сервистік орталықтар ашсақ дейді. Тараптар келісті. Құжатқа қол қойылды.
Францияның портфелі қалың, шоқтығы биік тағы бір компаниясы - Total Energies. Әлемде мұнай мен газ өндіру бойынша төрттікке кіретін алпауыт. Компанияның директорлар кеңесінің төрағасы әрі бас атқарушы директоры Патрик Пуянне Қазақстанға 12 млрд доллар инвестиция құйған. Әлі де құя бермек. Балқаш көлінің маңынан қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясын салуға ниетті. Нысан шамамен 2026-2027 жылдары пайдалануға беріледі.
Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі:
- Бір гигаваттық станция ол біраз қуаттылықпен жұмыс істейтін станция. Әрине ол біраз көмек береді. Бірақ ол тек қана электр уақытын шығарады. Жылу шығармайды.
Алыстағы Франциямен алыс-беріс азайған емес. Биылғы тоғыз айда екі ел арасындағы тауар айналымы 12 пайызға өсті. Бізде 170-тен астам француз компаниясы жұмыс істейді. Бұл сан әлі өседі. Жетекші компаниялардың басшыларымен жалпы кездесуде қазақ басшысы «серіктестіктің аясын кеңейте береміз» деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Біз ортақ экономикалық және саяси мүдделерімізді одан әрі ілгерілету үшін Франциямен және жалпы Еуропамен арадағы қарым-қатынасты жолға қойғымыз келеді.
Франция 2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына жалпы көлемі 17 миллиард доллар инвестиция салды. Сөйтіп, біз үшін ең ірі бес инвестордың біріне айналды. Жиында Мемлекет басшысы «қауіпсіз әрі тұрақты инвестициялық орта қалыптастыруға кепілдік берем» деді. Мұнысы дәулетті топты елге шақырғаны. Бизнес ахуалды жақсарту үшін қажет болса заңнамаға өзгеріс енгізіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Алдағы 7 жылда біз 150 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясын тартуды жоспарлап отырмыз. Қазақстан инвестиция салу жөнінен Орталық Азиядағы ең тартымды ел болуы үшін инвестициялық саясатымызды үнемі жетілдіріп отырамыз.
Қазақстан француздарды немен қызықтыра алады? Бірінші географиялық орнымен. Сосын әрине табиғи байлығымен. Ресурстар қоры бойынша әлемде алтыншы және тау-кен өндірісінің жалпы көлемі бойынша оныншы орындамыз. Мемлекет басшысы француздарды сол табиғи байлықты барлау ісіне шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Үкімет қажетті қолдау көрсетуге дайын. Біз компаниялар өздерінің озық тәжірибелерін, ноу-хауын және жаңа технологияларын әкеледі деп үміттенеміз.
Әлем бұрыннан бәсеке еді. Қазір тіпті күшейе түсті. Қақтығыс көбейді. Мұндайда дұрыс саясат жүргізіп, бағытыңды айқындап отыру маңызды. Бұл сапардың мәні де сол. Елге олжа әкелетін жаңа жолдар іздеу. Әйтеуір жақсылықтан үміттіміз. Себебі тек экономикалық бағыт бойынша қазақ пен француз осы жолы құны 3 миллиард доллар болатын 25 құжатқа қол қойды. Соның бірі әуе қатынасына қатысты.
Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
- Сосын Эйрбаспен қарым-қатынасымыз өте жақсы. Біз көп ұшақ алып отырмыз. 2025 жылға дейін 28 жаңа ұшақ алайын деп жатырмыз. Негізі 51 ұшақ аламыз. 28 Эйрбас болады, қалғаны боинг болады. Жалғыз сонымен шектелмей, соны қарайтын сервис орталығын ашу керек. Өйткені жалғыз Қазақстан ғана емес, ол бүкіл Азия елдеріне қарайтын болады.
Тек әуе емес, Франция біздің елмен теңіз арқылы да қатынас жасауға мүдделі. «Транскаспий бағытын дамытуға атсалысамыз» деп отыр.
Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
- Еуропаның идеологиясы осы жолды дамытуға бізге көмектесуге дайын. Біз де қаржы салуға дайынбыз. Сондықтан осы жолды дамытсаңдар біз де инфрақұрылымды дамытуға ақша салуға дайынбыз деген.
Қазақ пен француз құрылыста да бірігіп жұмыс істейді. Бұл ел бізге материал шығаратын жоғары технологиясын ұсынады. Сөйтіп, іргедегі көршімізден құрылыс заттарын импорттауды азайтамыз.
Нұржан Аманжолов компания басшысы:
- Технологияларын аламыз, біріншіден. Екіншіден, өздерінің линияларын қоймақшы ойлары бар. Және де Еуропа, басқа елдерге де ойымыз бар. Қазіргі кезде ішкі нарықта біздің сапамыз бірінші орында. Алайда объемдарымыз аз болып тұр негізі. Өйткені біздің нарықта Ресейдің көптеген заттары көп болып тұр. Біріншіден өз нарығымызды жабамыз. Келесі ойымыз Еуропаға шығу.
Енді бір келісім әскери салада бекіді. Бұдан былай десанттарға керекті парашютті өзіміз жасаймыз. Оған қажетті материал мен технологияны Франция береді. Сөйтіп келесі жылдан бастап парашютті сырттан сатып алу тыйылмақ. Бастысы бұл келісім бізге ұлттық қауіпсіздік үшін маңызды.
Ержан Әбесінов, әскери жабдық шығаратын компанияның құрылтайшысы:
- Қазақ басшысының Парижге сапары ауқымды болды. Келіссөздер іңірге дейін жалғасты. Мұндағы мақсат елге қаржы тарту. Кәрі құрлықтағы жетекші елмен байланысты дамыту. Осы мақсатта Қазақстанда Францияның Сауда өкілдігін құру ұсынылды.
Қорған Қонысбайұлы @KORGANTORE:
- Мына сарайда қазақ пен француз миллиардтардың келісіміне қол қойды. Осы жерден шыққанда алдымыздан толған айдың бейнесін көрдік. Қазақ үшін бұл жақсылықтың нышаны. Әрі бізде айың оңынан тусын деген сөз бар. Екі ел арасындағы қатынас осы ұғым аясында өрбісе дейсің.
Қорған Қонысбайұлы, Айдос Меделбеков, Бақытбек Нұртаев