Үкімет таратыла ма?

Жаңа жылға Үкіметтің осы құраммен өтуіне бола ма?

Президенттің сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру Үкіметтің қолынан келе ме? Бұл мәселе Мемлекет басшысының Премьер-Министр және Парламент депутаттарымен өткізетін консультациясы кезінде талқыланады. Бүгін Президенттің төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті.

Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев «мен Премьер-Министр Әлихан Смайыловтан шынайы жауап алғым келеді» деді. Себебі үкіметтің жұмысы мардымсыз.

Әлихан Смайылов басқаратын министрлер кабинетіне сын көп. Президенттің өзі «Үкімет биылғы сын-қатерлерге қарсы тиімді жұмыс істей алмады» деді. Қойылған міндеттер толыққанды орындалған жоқ. Ал кейбір бағыт бойынша мүлде жұмыс істелмеген.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Мысалы, әбден ескірген, қажеті жоқ нормативтік актілерді жою керек екені осыған дейін де бірнеше рет айтылды. Үкіметке тиісті тапсырмалар да берілді. Соның кесірінен министрлер және мекеме басшылары өздігінен әрекет етіп, жедел шешім қабылдай алмайды. Бітпейтін жиналыстарға, құжатты келісу жұмысына өте көп уақыт кетеді. Министрлік және ұлттық компания басшылары нақты шешім қабылдап, өздеріне жауапкершілік жүктелгенде бастарын ала қашады.

Инфляция неге өсті?

- Басын ала қашқан соң жұмыс қайтіп өнсін?! 11 айда экономиканың өсімі 4,6 пайыздан 2,7 пайызға дейін төмендеді. Инфляция ырыққа көнбей кетті. Сөйтіп соңғы 14 жылда болмаған деңгейге жетті. Қазір бұл көрсеткіш – 19,6 пайыз. Әлихан Смайылов мұның себебін былайша түсіндірді. 

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Оның негізгі факторлары – геосаяси шиеленістің күшеюі, әлемдегі рекордтық бағаның өсуі, Ресей рублінің нығаюы, логистиканың бұзылуы және көрші елдерде кейбір тауарлардың экспортына уақытша шектеулердің енгізілуі.

Ғ. Пірматов: Инфляция 11 пайызға дейін төмендейді

Премьер-министрден кейін баяндама жасаған Ұлттық банк төрағасы келесі жылы инфляция 11-13 пайызға дейін төмендейді деді. Оның айтуынша бағалы қағаздар нарығы дамиды.

Ғалымжан Пірматов, Ұлттық банк төрағасы:

- Жыл соңына дейін инфляция 20-21 пайызға дейін өсіп, 2023 жылдың 1-тоқсанында шарықтау шегіне жетеді деп күтілуде. Инфляцияны тұрақтандыру үшін Ұлттық Банк дезинфляциялық ақша-несие саясатын іске асыруды жалғастырады. Біздің болжам бойынша 2023 жылы инфляция 11-13 пайызға дейін төмендейді.

Азық-түлік бағасы тұрақтала ма?

Инфляцияны айтқанда тамақты айналып өтеміз бе?! Азық-түлік инфляциясы 24 пайыздан асып кетті. Халық табысының өсу қарқыны соңғы 5 жылдағы ең төмен деңгейде тұр. Жұрттың тапқаны тамақтан артылмайды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Азық-түлік бағасын өсірмеу үшін негізгі бағыттар бойынша нақты жұмыс жүргізу керек. Өнімнің өзіндік құнын төмендету, қажетсіз делдалдан арылу туралы біз бірнеше рет айттық. Сауда желілерін қолжетімді етіп, айналымға қаржы салу үшін арзан несие беру тәсілін де қолдануға болады.

Қарызын қайтармағандарға несие берілмейді

Несие тақырыбын сабақтайық. Қазір елде кепілсіз онлайн-шағын несие беру белең алып кетті. Енді шектеу қойылуы мүмкін. Кейбір ел тіпті бұған толықтай тыйым салған. Тағы бір жаңалық банкке берешегі 90 күннен асқан адамдарға несие берілмейді. Мемлекет басшысы тиісті Жарлыққа қол қоятынын айтты. Әйтпесе қазір кредитті кредитті жауып жүргендер бар. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Бүгінде проблемалық кредиттердің көлемі жарты триллион теңгеге жетті. Миллионнан астам адам өзінің банк алдындағы міндеттемелерін өтеуге жағдайы жоқ. Олардың көбі әбден торығып, ескі борышын жабу үшін жаңа кредит рәсімдеуге мәжбүр. Сондықтан 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Жеке тұлғалардың төлем қабілетін қалпына келтіру және олардың банкроттығы туралы» Заң күшіне енуге тиіс. 

Сапарбай Жобаев, экономика ғылымдарының кандидаты:

- Егерде сол нәрсе жаңа жылдан кейін қабылданатын болса, 5 млн дейін ақша қаржы қайтарылмаған болса бір 90 күннен ұзақ, 1 жылдан асып кеткен болса онда адам өзін өзі мен банкротпын деп жариялауы керек. Себебі оны қаржылық басқарушы басқарады. Оны қандай да бір жұмысқа қоюуы мүмкін. Мәселен жаңағы қоқыс жинайтын. Немесе құрылысқа мәжбүрлеп жұмысқа қоюуы мүмкін ғой. Себебі оны қаржылық басқарушы шешеді. Яғни өз жағдайын жақсартуға әрекет жасатады. Кейін ол 5-7 жылға дейін оған несие берілмейді.

Кен орындары мемлекетке қайтарылады

Жиында активтер де айтылды. Қазір жеке меншікке заңсыз өтіп кеткен байлықтар қайтарылып жатыр. Тіпті табиғи қазба орындарын иеленіп алғандар бар. Мұны қазақ түйені түгімен жұтқандар дейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Елімізде құнды пайдалы қазбасы бар кен орындары аз емес. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар осындай 87 кенішті заңсыз алған.  Олар байқау өткізу рәсімдерін айналып өтіп, кеніштерді жеке компанияларға су тегін берген. Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, заңсыз берілген кен орындарын мемлекет меншігіне қайтару үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын.

Премьер-министр кеңсесі өзгереді

Ендігі мәселе - әкімшілік реформа. Келесі жылы орталық пен өңірлер арасындағы қызметтер қайта бөлінеді. Себебі, мемлекеттік аппаратта,,, Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын формальды түрде ғана орындау байқалып отыр. Жыл басынан бері Президент Әкімшілігі мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың атына 400-ден астам ескерту жолдапты. Таяқтың ұшы тағы үкіметке тиді. Себебі, тиісті қадағалау болмаған. Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министр Кеңсесін өзгертуге пәрмен берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Үкімет қызметін қамтамасыз етуге тиіс Премьер-Министр Кеңсесінің  жұмысы тек мемлекеттік органдардың дайын есебін жібере салумен шектеледі. Премьер-Министр Кеңсесінің ведомствоаралық үйлестіру және салааралық мәселелерді шешу жөніндегі рөлін арттырып, Үкіметтің шағын аппараты ретінде кешенді түрде  трансформация жасаған жөн.

2023 жылы ауқымды кадрлық өзгеріс жасалады

Тек мемлекеттік емес, квазимемлекеттік секторда тәртіп орнатылады. Тағайындауларды Президент Әкімшілігі жіті бақылауда ұстайды. Өйткені квазимемлекеттік секторда ақша көп. Ал ақша жүрген жерде жеке мүдделер кетеді. Мұндайға енді жол жоқ. Сосын Қасым-Жомарт Тоқаев бос уәде мен қызыл сөзді сапыра беруді доғару керек деді. Халыққа нақты іс керек.

Қорған Қонысбайұлы, @KORGANTORE

- Нақты іске көшу үшін келесі жылы орталықта және жергілікті жерде ауқымды кадрлық өзгеріс жасалады. Енді бастықтардың үнемі бүйрегі бұрып тұратын адамдарымен қоштасуына тура келеді. Қасым-Жомарт Тоқаев олардың орнын басқа кадрлар басады деді. Жаңа саясат қалыптасып жатқан осы кезеңде Қазақстанға тиімді жұмыс істейтін технократтар қажет.

Қорған Қонысбайұлы, Ерлан Наурызбаев, Алмас Омарғалиев