Бүгін жеңілдетілген автонесиеге өтініш беру басталады
Бүгін жеңілдетілген автонесиеге өтініш беру басталады. Астана уақытымен сағат күндіз оннан бастап ел азаматтары үшін autonesie.kz ресми платформасы жұмыс істейді.
Бұл бағдарламамен бұрын автонесие алған немесе платформада өзекті өтінімі бар азаматтар жобаға қатыса алмайды. Дегенмен, бағдарлама шарттары өзгеріссіз қалды. Бүгін тек 760 адам ғана өтінішпен тіркеле алады. Сосын платформа автоматты түрде жабылады. Жобаға жауаптылардың айтуынша, арнайы сайт ай сайын белгілі тәртіппен жұмыс істейді. Сондықтан бүгін тіркеле алмаған азаматтар келесі айда өтініш бере алады. Бағдарлама шартында бастапқы жарна жоқ, ал жылдық мөлшерлеме төрт пайыз. Несие көлемі 10 миллион теңгеден аспайды. Қарыз 7 жылға дейін беріледі. Алатын көліктің құны 15 млн теңгеден жоғары болмауы керек. Платформаға тек Қазақстан аумағындағы азаматтар тіркеле алады.