Мемлекет басшысы Премьер-министрді қабылдады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министр Әлихан Смайыловты қабылдады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Кездесуде елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және 2023 жылға арналған республикалық бюджеттің параметрлерін нақтылау мәселесі баяндалды. Биыл Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің өсімі 4%, ал мұнай бағасы барреліне 85 доллар болады деп жоспарланып отыр. Премьер-министрдің айтуынша, бюджетке түсетін қаржыны арттыру арқылы шағын және моноқалаларды дамытып, «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру және елді мекендерді газбен қамту көзделген. Жылу жүйелерінің жағдайын жақсартып, азық-түлік қауіпсіздігін сақтауға да көңіл бөлінеді.
Одан бөлек, жаңа жолдар салу және пойыз-вагондардарды жаңарту жоспарланып отыр. Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібі, қорғаныс саласына да қосымша қаражат бөлінеді. Өз кезегінде Президент бюджет қаражатының жұмсалуына бақылауды күшейтуді тапсырды.