Президент халықпен байланысты күшейтуді тапсырды

Әкімдер мен мемлекеттік органдардың басшылары азаматтармен өзара байланысты күшейтуі қажет.

Тұрғындармен кездесулер, жеке қабылдаулар өткізуді жандандыру керек. Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министрдің, мемлекеттік органдар басшыларының, облыстар мен Астана, Алматы және Шымкент қалалары әкімдерімен өткен кеңесте осылай деді. Жиында Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында айтылған міндеттерді іске асыру мәселелеріне назар аударылды. Сондай-ақ ел өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер қаралды. Президент халықтың тұрмыс сапасын арттыру Үкімет пен облыс әкімдерінің ең басты міндеттерінің бірі екенін еске салды.

"Азаматтар елдегі оң өзгерістерді сезінуі қажет. Реформалар, ең алдымен, қоғамда жаңа саяси мәдениет қалыптастыруы керек", - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Бір жылдың ішінде ауқымды реформаларды жүзеге асырдық. Билік жүйесін жаңа талапқа сай жаңғырту үшін бірнеше саяси науқан өткіздік. Маңызды мәселелерді талқылау үшін Ұлттық құрылтайды құрдық. Мемлекеттігіміздің тұғырын және ел бірлігін нығайтатын жаңа идеологиялық тұжырымдар ұсындық. Наурыз мейрамын жаңаша атап өте бастадық. Республика күнін қайта жаңғырту тарихи қадам болды.