Қ. Тоқаев Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шарада сөз сөйледі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» монументі жанындағы алаңда Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шараға қатысып, сөз сөйледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Наурыз – жыл басы, халқымыз ежелден тойлаған көктем мерекесі. Бұл – халық асыға күтетін аса ерекше мейрам, қыстың ызғары қайтатын, көктем шуағын төгетін сәт. Табиғат түлеп, тіршілік қайта жаңаратын мезгіл. Бұл мейрамды халқымыз тұтас ел болып, бір ұлт болып түгел тойлайды. Наурыз кезінде бүкіл елге ортақ құндылықтар дәріптеледі. Яғни, Әз-Наурыз – нағыз халықтық мейрам. Азаматтарымыздың көзқарасы әртүрлі болғанымен, барлығының тілегі – бір. Бұл – елдің амандығы, мемлекеттің жарқын болашағы. Біз осы ортақ мақсат жолында жұмыламыз. «Бірлік түбі – береке» дейді халқымыз. Қоғамда келісім және татулық болса, еліміз көздеген мақсатына жетеді.