Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Катар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен телефон арқылы сөйлесті.
2023 жылғы 23 наурыз
Мемлекеттер басшылары бір-бірін қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтап, Қазақстан мен Катар халықтарына бақ-береке тіледі.
Әңгімелесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту перспективалары талқыланды.
Сондай-ақ Катар Әмірінің былтыр қазан айында Астанаға жасаған мемлекеттік сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды тиімді жүзеге асыру мәселесіне ерекше назар аударылды.
Тараптар екі ел арасындағы өзара сауда-саттық қарқынын сақтауға және қаржы саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыруға ниетті екенін растады.
