Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновты қабылдады.
Мемлекет басшысы спортшыны таяуда Лас-Вегас қаласында өткен UFC турниріндегі жеңісімен құттықтады. Шавкат Рахмонов секілді мықты атлеттердің жеңіске деген ерік-жігері мен жетістігі өскелең ұрпақты жігерлендіретінін, салауатты өмір салтын ұстануға ынталандыратынын айтты. Сонымен қатар Президент спортшының алдағы уақытта биік белестерді бағындыра беруіне тілектестік білдірді. Шавкат Рахмонов та жанкүйерлердің үмітін ақтап, еліміздің мерейін асқақтата беретінін жеткізді.
Шавкат Рахмонов, аралас жекпе-жек шебері:
- Бүгін мемлекет басшысының қабылдауында болдым. Өте қарапайым кісі екен. Өткенде де наурыз мейрамымен құттықтап, арнайы қарсы аламын деп өзі айтқанды. Сондықтан бүгін келіп бетпе-бет сөйлесіп, жалпы жақыннан таныстық. Жалпы, кездесу өте керемет өтті. Мен үшін бұл өте үлкен абырой.
