Парламентте аса маңызды мәселе талқыланса, тікелей эфирде көрсету керек

Парламентте аса маңызды мәселе талқыланса, жалпы отырысты мемлекеттік телеарналар арқылы тікелей эфирде көрсету керек.

Бұның арқасында азаматтар өздері сайлаған депутаттың қалай жұмыс істейтінін нақты көріп, баға бере алады. Бүгін Парламенттің 8-шақырылымының алғашқы сессиясын ашқан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Бұдан бөлек Президент Ата-заңға қарама-қайшы келетін заңдарды өзгерту мен елдегі инфрақұрылымды дамыту жайына да тоқталды. Жаңадан сайланған мәжіліс депутаттары назар аударуы тиіс бірқатар мәселелерді жіпке тізіп берді.

Елде 1 жыл ішінде 5 бірдей маңызды саяси науқан өтті. Референдумнан бастап, мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы. Президенттің сөзінше Қазақстан геосаяси аймақта түбегейлі реформа жүргізіп жатқан бірден-бір ел. Өзгерістер мұнымен бітпейді. Бұл – ұзақ жолдың басы ғана. Себебі саяси құрылымды жетілдіру қажет-деді Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Биыл алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтеді. Содан кейін еліміздегі барлық аудан әкімдерін сайлайтын боламыз. Осылайша, биліктің барлық институттары жаңарып, тың қарқынмен жұмыс істей бастайды. Біз саяси үдерісті демократияландырып, азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейте береміз.

Бұл сайлау бұрынғыдан өзгерек болды. Парламенттің төменгі палатасына алғаш рет оппозициялық партия өтті. Сондай-ақ, өзін-өзі ұсынған үміткерлер депутат атанды. Енді алдағы 5 жылда халық қалаулылары ел игілігі үшін тиімді жұмыс істеу керек. Президенттің сөзінше, бұл ел тағдыры шешілетін маңызды кезең болмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Елімізді қарқынды дамыту үшін сапалы заңнамалық база қалыптастыру керек. Ол үшін экономикаға қажетті ережелер мен қағидаларды өзгерту қажет. Бұл бағытта алғашқы қадамдар жасалды. Монополиядан арылту және елімізден заңсыз шығарылған капиталды қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл елімізге орнықты, бәсекеге қабілетті ірі бизнес керек емес дегенді білдірмейді. Керісінше, қажет екені сөзсіз және біз оны қолдаймыз.

 Қ. Тоқаев: Іскерлік белсенділікті ынталандыру қажет

Президент алдағы 5 жылды шағын және орта бизнесті қолдауға арнауды ұсынды. Ұлттық жобалар уақтылы әрі сапалы жүзеге асырылып, бюджеттің әрбір тиыны тиімді жұмсалуы керек. Ал бұған парламент бақылау жасауы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қысқасы, депутаттарға бір ғана маңызды міндет жүктеледі. Яғни, әрдайым өзгерістердің бел ортасында болу керек. Сіздер шешім қабылдайсыздар және сол үшін жұрт алдында жауап бересіздер. Халықтың мүддесін тиімді қорғау және еліміздегі өзекті мәселелерді шешуге атсалысу үшін азаматтармен тығыз қарым-қатынас орнату қажет.

Қ. Тоқаев: Инфрақұрылым жоспарын қабылдау қажет

Елде инфрақұрылымға да қатысты біраз проблема бар. Қыста тұтастай қалаларда бүрсең қаққан қараша халықтың мәселесін тағы бір еске алды. Әбден тозған энергетика инфрақұрылымы әрең жұмыс істеп тұр. Қазір Президент тапсырмасымен электр энергетикасы нарығын дамытудың жаңа үлгісі әзірленіп жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазір Мәжілістің қарауында электр энергетикасына қатысты үш заң жобасы жатыр. Депутаттық корпус заңнамадағы тиісті өзгертулерді шұғыл түрде қарап, қабылдауға тиіс. Коммуналдық желілердің әбден тозу салдарынан барлық өңірде дерлік қайта-қайта апат болып жатыр. Көптеген қалада жол, электр тарату желісі, газ құбыры секілді негізгі инфрақұрылымдардың тапшылығы қатты байқалады.

Біз еліміздің инфрақұрылымдық қуатын қалыптастыруымыз қажет. Сондықтан мен Ұлттық инфрақұрылым жоспарын қабылдауды ұсынамын. Құжатта осы саладағы басты мәселелер ашық көрсетілуге тиіс. Сонымен бірге 2029 жылға дейін іске асырылатын негізгі жобалар қамтылуы қажет.

Заңдарды реттеу

Заң шығару Парламентке жүктелген жауапты іс.  Қазір жұрт кейбір заңдарға  наразылық білдіріп, шағым айтуда. Ал Конституциялық Сот болса, олардың дені орынды екенін көрсетіп отыр. Яғни заңнаманың жекелеген нормалары Ата заңға қайшы екені анықталды. Осы ретте Президент заңдардың конституцияға толық сай болуында Парламент табандылық танытуы керектігін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Конституцияға қайшы мұндай нормалар жарамсыз деп танылады. Осындай ережелерге сүйеніп қабылданған соттың және басқа мемлекеттік органдардың шешімдері қайта қаралуға тиіс. Заңдарымыз Конституцияға толық сай болуы керек. Парламент осы маңызды мәселеге байланысты табандылық танытып, басты рөл атқаруы қажет. Бұл жұмыс азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау жүйесін күшейте түсуге мүмкіндік береді.

Парламент жұмысындағы ашықтық

Риат Шони, тілші:

- Депутат болу биік мансап емес, бұл зор жауапкершілік және маңызды міндет. Парламенттің өз жұмысы да барынша ашық болуға тиіс. Осы ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламентте аса маңызды мәселе талқыланса, жалпы отырысты мемлекеттік телеарналар арқылы тікелей эфирде көрсету ұсынысын айтты. Бұның арқасында азаматтар өздері сайлаған депутаттың қалай жұмыс істейтінін нақты көріп, баға бере алады. Ал Парламенттегі пікірталастар, шын мәнінде, жалпыұлттық ауқымға ие болады.

Риат Шони, Ерлан Наурызбаев, Алмас Омарғалиев