Қ.Тоқаев еліміздің бокс құрамасын қабылдады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бокстан Ташкент қаласында өткен әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерін және де ұлттық құраманың өзге де мүшелері мен бапкерлерін қабылдады.
Президент спортшыларды жаһандық жарыстағы жарқын жеңісімен шын жүректен құттықтап, күллі еліміз үшін айтулы оқиға екенін атап өтті. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жексенбі қазақ боксының асығы алшысынан түскен күн болғанын тілге тиек етті. Мұхиттың ар жағында Жәнібек Әлімханұлы чемпиондық атағын абыроймен қорғады. Оның жеңісті жолы Ташкентте жалғасты. Осының бәрі барша қазақтың мерейін тасытты, деді Президент. Әлемдік жарыста төрт алтын, бір күміс медаль алу – зор жетістік. Қазақ жігіттері әлем чемпионы атанып, еліміздің мерейін өсірді. Мемлекет басшысы финалдағы жекпе-жектерді түгел көргендігін де айтты. Жалпы Президент қазақ спортының жаңа белеске көтеріліп келе жатқанына назар аударды. Мәселен, шахматшы Бибісара Асаубаева блицтен әлем чемпионы атанды. Теннисші Елена Рыбакина беделді турнирлерде қатарынан бірнеше рет топ жарды. Балуандарымыз, оның ішінде қыздарымыз да бар, Азия чемпионатында 7 алтын медаль алды. Нұрғиса Әділетұлы ауыр атлетикадан Азия чемпионы болды. Футболшыларымыз, хоккейшілеріміз жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Осыны ерекше атап өткен мемлекет басшысы бапкерлер мен басқа да спорт мамандарының зор еңбегіне шынайы ризашылығын білдірді. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев жас өрендерге сәттілік тілеп, Қазақстан бокс федерациясының басшылығына, спортшылар мен бапкерлерге Президенттің Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталарын табыс етті. Ал бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов Президентке бокс қолғабын сыйлады.