Президент Алматыда қуғын-сүргін материалдарын зерттеу орталығына барды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерттеу орталығына барды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекет басшысы онда құжаттарды сақтау шартымен, оларды қалпына келтіру және микрофильмдеу кабинеттерінің жұмысымен танысты. Орталық жуық арада 30-50 жылдар аралығындағы саяси қуғын-сүргін тарихына қатысты 700 мыңнан астам құжатты қабылдауды жоспарлап отыр.

Бұған дейін құпия болып келген құнды материалдар Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Бас прокуратураның Мемлекеттік архивтерінен алынады. Оларды толық зерттеп, ғылыми айналымға енгізу үшін мұнда тиісті жағдай жасалған.

Қазіргі уақытта тарихшы-ғалымдар мен орталық қызметкерлері «Алашорда ісі. 1920-1940 жж. Құжаттар мен материалдар» атты көптомдықты баспаға дайындап жатыр. Бұл басылым ХХ ғасырдағы Қазақстанның саяси тарихының ғылыми көкжиегін кеңейтпек. Мемлекет басшысы тарихымызды зерделеу ісінде орталықтың жұмысы маңызды екенін атап өтіп, ұжымға сәттілік тіледі.

- Құжаттардың электронды көшірмесін жасап, цифрлы форматқа көшіреміз. Өткен 2022 жылы 15 мың құжат, яғни, 2 жарым млн парақ сканерленді. Биыл тағы да сондай жоспарланып отыр. Архив деген ол – біздің тарихымыздың негізі ғой. Сондықтан тиісті құжаттарды дұрыстап сақтауымыз керек.

 

Айта кетейік, Президент Жарлығымен 2020 жылдың қараша айында ХХ ғасырдағы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия құрылды. Оның жұмысына қолдау көрсету мақсатында 2021 жылы ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерттеу орталығы ашылған болатын. Орталықтың қорында қазір 1 млн-нан  астам іс сақтаулы тұр.