Еуроодақ Орталық Азиядағы бес елді қай бағытпен жүргізгісі келеді?
Еуроодақ Каспий құбыр консорциумы арқылы қазақстандық мұнайдың ұзақ мерзімді және тұрақты жеткізілуіне қолдау көрсетуі керек, себебі мұнда ортақ мүдде жатыр.
Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия-Еуроодақ» форматындағы екінші саммитке қатысып, Қазақстан мен тұтас аймақтың Еуроодақпен ендігі етене араласу тетіктерін бір пысықтап алды.
Ал олар көп. Тараптар транспорттық логистика, жасыл экономика, білім саласында серіктестік орнатуға мүдделі, тіпті құлшынысы зор. Әсіресе бұл Еуроодақ Кеңесінің президенті Шарль Мишельдің мәлімдемелерінен анық сезілді.
Алатаудың етегінде тұнық жатқан Ыстықкөлде туристік маусым әлі басталған жоқ, жанға жайлы қоңыржай кезең. Саяси алаң қызып тұрған дәл қазіргідей сәтте келіссөз жүргізуге қолайлы орын. Осы, бәлкім басқа бір себебі бар болар бүгін Шолпан-атада 5+1 форматы жиналды.
Бұл бестік осыдан екі апта бұрын ғана «Орталық Азия-Қытай» саммитіне қатысып қайтқанын құлағы түрік халық түгел біледі. «О тықыр мен бұ тықырдың жөні бөлек» дегенмен Си мырзамен сыйластық, енді Еуропамен етене жақындай түсу ниетте. Оған кімнің түрткі болғаны бізге беймәлім, мүмкін Еуропа, мүмкін біздің бестік. Қалай дегенмен де, әр тараптың да өз көздегені бар.
Таир Нығманов, саясаттанушы:
«Орталық Азияның сансыз саммиттерге қатысып, түрлі алаңдарда белсенділік танытуының астарында үлкен үндеу жатыр. Ол біз әлемнен оқшауланбаймыз, геосаяси текетірестерден алшақпыз, біз ашықпыз және бәрімен қарым-қатынас жасауға дайынбыз дегені. Қазіргідей геосаяси теңселіс тұсында ірі ойыншылардың ортасында отырған Орталық Азия мүмкіндігінше өзінің дербес позициясын қалыптастырудың амалын қарастырып жатыр. Осы күрделі кезеңде үлкен өңір ретінде өз мүддесін сақтап қалуға, қорғауға тырысады. Бұл ретте әрине, бес мемлекеттің бірігіп шыққан үні бір мемлекеттің үнінен әлдеқайда күштірек әрі сенімдірек естіледі».
Жалғыздың үні шықпасын бұл бестік түсінген де секілді. Әсіресе, соңғы бір жылда. Оған дейін Орталық Азиядағы интеграция «кім аға мемлекет» деген мәселеден әрі аспағанын саясаттанушылар айтып келген. Қазір заман басқа, қауіп қою, қысым көп. Аман қалу үшін де интеграция керек. Оның үстіне, Еуроодақ секілді бекем бірлестіктерден ұсыныс түссе құба-құп. Бұл 5+1 форматындағы екінші кездесу, алғашқысы осы күзде Астанада өткен. Орталық Азиядағы бестіктің бәсі басым болып барады. Экономистер, оның кем дегенде үш себебін саусағын бүгіп тұрып санап берді.
Елдар Абакиров, экономист:
- «Жоқ дегенде үш себеп бар. Бірінші себеп, Орта Азия бұл кен байлық, табиғи кен байлықтарға бай өлкелер. Оның ішінде жоқ дегенде ақырғы қыс көрсетті. Енді мен мұнай, газ әрі қарай темір заттарын айтпай ақ қояйын, жоқ дегенде көмір керек екен. Біздің регион өте бай. Қазақстанда қанша млрд тонна көмір бар екенін білмеймін, Қырғызстанда 2 млрд астам тонна көмір бар. Екінші себеп бұл Орта Азия Еуропа тауарды сату базары керек. Өйткені, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан 90-ншы жылдан бері санағанда екі есе өсті. Өзбекстан үш есе өскенге ұқсайды. Үшінші себеп, біз өте чоң географиялық бір жерде жайғасып тұрамыз. Оң жағымыз Қытай, сол жағымыз Евросоюз, ылди жағымыз Индия».
Әлемдегі көмірсутегі отынының ірі қоры біздің аймақта жатқанын ескерсек, «күлшелі» мемлекеттермен алыс-берісті мейілінше көбейтуге мүдделі Еуроодақ. Жақсы динамика байқалады да. Арадағы тауар айналымы былтыр бірден 60% артып, елу миллиард долларды межелеп қалды. Ендігі бір міндет – көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
«Қазіргі Еуропаға экспортталатын Қазақстан мұнайының 80 пайызы Каспий құбыр консорциумы арқылы жөнелтіледі. Ортақ мүддені ескере отырып, стратегиялық тұрғыда маңызды осы құбыр арқылы мұнайдың ұзақ мерзімді және тұрақты жеткізілуін қамтамасыз ету үшін ЕуроОдақ әрі қарай да қолдау көрсете береді сенеміз».
Күндердің бір күнінде Каспий Орталық Азия арқылы, тұтас Еуропаның логистикалық ландшафтын өзгертеді дегенге сену қиын еді. Өткен жылдың өзінде Транскаспий халықаралық дәлізі арқылы 1,5 миллион тонна жүк жіберілген. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп. Ал, адағы 7 жылда Транскаспий бағытының жылына 250-300 мың контейнер жүкті тасымалдайтын қауқары болмақ.
Жұмабек Сарабеков, саясаттанушы:
- Қазіргі таңда тауар тасымалдаушылары үшін жаңа дәліз керек ол бұл ретте ойға келетін бірден бір жол – ол Транскаспий жолы. Сондықтан, бұл Транскаспий дәлізіне деген қызығушылық артып отыр және біздің байқауымызша аймақтағы мемлекеттер де, Еуроодақ та осы жобаға инвестиция құюға мүдделі екенін білдіріп отыр».
Шолпан Атағы Шарль Мишельдің еуропалықтарға тән эмоциясын салалы саусақтарынан аңғару қиын емес еді. Еуроодақ түрленген, мықты Орталық Азияны көргісі келеді дейді. Саяси ұстанымына қарамастан...
Шарль Мишель, Еуроодақ Кеңесінің президенті:
«Біз әрбір елдің аумақтық тұтастығы мен егемендігін мойындайтын БҰҰ-ның күшіне сенеміз. Мен сіздің аймақтағы елдердің ұстанымдары әртүрлі екенін білемін. Және әр елдің ұстанымын құрметтеймін».
Орталық Азия – үлкен мүмкіндіктер аймағы, бірақ бұл өңірдің бір өзіне жетер проблемасы бар. Су мен шекара, Ауғанстан мен есірткі. Дегенмен, бүгінгі Орталық Азия Еуропаның демократиясын көксейді, озық технологиясына ұмтылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
«Биыл наурыз айында Microsoft компаниясы Қазақстанда озық технологияларды тарту орталығына айналатын Мультиөңірлік хаб ашқаны туралы жарияланды. Біз 2025 жылға қарай кемінде 100 мың жоғары білікті IT маман даярлау міндетін қойдық. Сондықтан Еуропа университеттерін Қазақстанда, оның ішінде маңызды өңірлік IT алаңға айналған Astana Hub технопаркі базасында филиалдар ашуға шақырамын».
5+1 форматының қатысушылары бүгін Бірлескен баспасөз-коммюникесін қабылдады.
Гүлжан Марқабаева, тілші:
«Сонымен Еуроодақ пен Орталық Азия екінші кездесуін де екпінді аяқтады. Экономикасы мықты 27 елді біріктіріп отырған Еуроодақ Орталық Азиядағы бестіктің экономикасына қаржы салып келдік, әлі де қаржы сала береміз деп құлшынып отыр. Бұл ретте Еуроодақтың ұстанымы түсінікті. Тек Орталық Азиядағы бестікке бір жақты нақты шешім шығармаса да бір бағытқа бет түзеуге тура келетін секілді. Ол қай бағыт? ? Бұл басы ашық сұрақ».
Гүлжан Марқабаева, Еділ Ермекбаев, Ділмұрат Сейдаханов