Президент Қырғызстанның Жогорку Кенеш төрағасын қабылдады

Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тауар айналымын 2 миллиард долларға дейін жеткізу көзделіп отыр.

Мұны Мемлекет басшысы айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанның Жогорку Кенеш төрағасы Нурланбек Шакиевті қабылдады. Кездесу барысында Президент бүгінде қазақ-қырғыз қарым-қатынасы қарқынды дамып келе жатқанын, оған үкіметаралық және парламентаралық деңгейдегі өзара іс-әрекет ықпал ететінін атап өтті. Сосын Қазақстан бауырлас Қырғызстанмен одақтастық қатынастарды жан-жақты нығайтуға ниетті екенін жеткізді. Өз кезегінде Нурланбек Шакиев қазақ халқына тән қонақжайлық көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, Қырғыз Президенті Садыр Жапаровтың ізгі тілегі мен сәлемін жеткізді. Спикердің айтуынша, Қазақстан мен Қырғызстан барлық жағынан ең жақын елдер саналады. Осылай деген Нурланбек Шакиев  біздің елде жүргізіліп жатқан реформаларға қолдау білдірді.