Қ.Тоқаев: Елорда ыңғайлы қала болуы керек

Елордаға әлем астаналары мен муниципалитет басшылары жиылды.

Бас қаланың 25 жылдығына орай бүгін "Астананың бауырлас қалалары" форумы өтті. Мерейтойлы жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Форумда не айтылды? Бас шаһар алдағы уақытта қалай дамиды?

Ақмоланың Астана атанғанына 25 жыл. Тарих өлшемімен қарасақ, ұзақ уақыт емес. Десе де, ғасырға татитын жұмыс істелді. Сарыарқа төсінде жаңа қала бой көтерді.

Қасым-Жомарт, Тоқаев Қазақстан Республикасының президенті:

- Өздеріңізге мәлім, елорданы көшіру оңай болған жоқ, қомақты жұмыс істелді. Бұл шешім өте күрделі кезеңде қабылданды. Ел экономикасы тоқырауда болды. Жұрт нарықтық қатынастарға толық бейімделмеген кез еді. Осындай қиын жағдайда Жоғарғы Кеңес Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасы бойынша Астананы Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Бас қаламыз ресми түрде 1997 жылы 10 желтоқсанда көшірілді. Ал осыдан 25 жыл бұрын 6 мамырда Ақмола атауы Астана болып өзгертілді. Елорданың жылнамасы Тәуелсіз Қазақстанның шежіресімен тығыз астасып жатыр. Шын мәнінде, астананы көшіру геосаяси тұрғыдан өте дұрыс қадам болды.

Сан жылдағы санға тоқталайық. Ширек ғасырда бас қаланың аумағы үш есе ұлғайып, тұрғын саны төрт есе өсті. Ел астанасы мәртебесіне ие болған сәттен бері шаһардың экономикалық әлеуеті 100 есе артты. Қазір елдегі жалпы ішкі өнімнің 10 пайызы Астананың үлесінде.

 

Жеңіс Қасымбек, қала әкімі:

- 25 жылдың ішінде қаланың жалпы өнімі 22 миллиард долларға, ал өнеркәсіп 4,3 миллиард долларға жетті. Соңғы жылдары Астана 14 миллиард доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартты. Небәрі 25 жыл ішінде біз 33 млн шаршы метр тұрғын үй, 670 балабақша мен мектеп, жүзден астам мәдени және спорт нысандарын салдық.  

Форумға 13 мемлекеттен мэрлер мен вице-мэрлер келді. Жалпы Астана қазір әлемнің 85 елімен тығыз байланыста. Бірнеше қаламен бауырлас деген мәртебесі бар. Мұндай шаһарлардың қатары жылдан жылға көбейіп келеді. Мәселен, кеше ғана елорда әкімдігі Индонезияның жаңадан салынып жатқан астанасы Нусантара қаласының басшылығымен ынтымақтастық жайлы меморандумға қол қойды. 

Бамбанг Сусантоно, Нусантара қаласы ұлттық астаналық басқармасының басшысы:

- Біз Астананың қарқынды дамып, алып мегаполиске айналғанын көріп отырмыз. Мен оның сұлулығына тәнтімін. «Бәйтерек», Ақорда, «Нұр әлем» және «Хан шатыр» сияқты ғимараттар әдемілігімен ғана менмұндалап тұрған жоқ, олар қазір Қазақстанның әлемдік аренадағы даму символы іспетті.

Астанасын жаңадан салғандардың бірі Бразилия. Оңтүстік Америкадағы ең ірі елдің өкілі де форумға арнайы келген. Фелипе Рамон Моро Родригез Астана мен Бразилианың ұқсастығын атады. 

Фелипе Рамон Моро Родригез, Бразилиа федералды округінің мемлекеттік хатшысы:

- Бразилия 60 жылдан астам уақыт біздің елдің ұлылығын көрсетіп, халқымыздың әлеуетін айқындайтын жаңа астана салуды армандады. Бес жыл бойғы табанды еңбектің арқасында біз бірегей әрі заманауи қала салып шықтық. Шаһар қазір бразилиялықтарды алға жетелейтін, жетістіктер мен жеңістерге бастайтын орталыққа айналды. Міне дәл сондай қарқынды дамуды мен осы Астанадан да байқадым. Бұл бүкіл ұлттың алға ұмтылысын көрсетеді. 

Расында Астана мемлекеттік мекемелердің ғана ордасы емес, мол мүмкіндіктердің ортасы. Мұны Алатаудың арғы бетінен келген қырғыз ағайын да атап өтті. Бішкек қаласының басшысы қазақтың елордасы келешекте әлемдік астаналардың інжу-маржанына айналады деп, бас қаламыздың қазіргі дамуына бағасын берді.

Эмилбек Әбдіқадыров, Бішкек қаласының мэрі: 

Қ. Тоқаев: Елорда ыңғайлы қала болуы керек 

Сарапшылардың болжамы бойынша елорда тұрғындарының саны 2030 жылға қарай екі миллионға жетеді. Сондықтан Мемлекет басшысы астанамыз, ең алдымен, тұрғындарға ыңғайлы қала болуы керек деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Білім беру, денсаулық сақтау нысандары, мәдени-демалыс мекемелері, саябақтар мен қоғамдық орындар қаланың барлық тұрғынына бірдей қолжетімді болуға тиіс. Әсіресе ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қаладағы инфрақұрылымдар ыңғайлы болуы керек. Бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де жетілдіре түсу қажет. Қала аудандарын дамыту ісіндегі теңсіздікті жоспарлы түрде жойған жөн. 

Астана әлемдегі озық 21 қаланың қатарына қосылды 

Қорған Қонысбайұлы @korgantore:

- Астана жайнаған, қайнаған қала. Беделді халықаралық ұйымның зерттеуі бойынша елорда әлемдегі интеллектуалды әрі озық 21 қаланың қатарына қосылды. Алайда орталық көшелерді ғана жарқыратып,шаһардың шеткі аудандарына көңіл бөлмеу дұрыс емес. Мемлекет басшысы форумда осыны ескертті. Енді үйлесімді дамуға көңіл бөлінеді.

Қорған Қонысбайұлы, Ерлан Наурызбаев