Тоқаев: Республика күні - Көк түрік дәуірінен бергі елдігіміз тамырын тапқан күн

Еліміздің ең басты мейрамы – Республика күні Көк түріктер дәуірінен, Алтын Орда, Қазақ хандығы заманынан келе жатқан елдігіміз тамырын тапқан күн.

Бүгін мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Сондай-ақ мемлекет басшысы бұл Алаш арыстарының азаттық жолындағы арпалысы ақталған күн екендігін де айтты. Осыдан 33 жыл бұрын тарихи әділдік орнап, Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Осы маңызды құжат жұртымыздың азаттық алуына жол ашқан болатын. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Шын мәнінде егемендік декларациясын қабылдау оңайға соққан жоқ. Еліміздің ұлттық құрамы біркелкі емес еді. Сол кездегі Парламентте, яғни Жоғарғы Кеңесте және бүкіл қоғамымызда ұзақ пікірталас, қызу талқылау болды. Құжаттың әр сөзін, әр бабын қорғауға тура келді. Әлихан Бөкейхан «Бостандыққа апаратын жалғыз жол ұлттық ынтымақ ғана» деген. Ел ағалары халқымыздың ардақты ұлының бұл өсиетіне адал болды. Олар жауапты сәтте ұйымшылдықпен ұлт мүддесін қорғай білді. Ақжолтай құжат жұртымыздың талап-тілегіне сай жазылды, отаншыл азаматтардың ақыл-парасатының арқасында қабылданды. Олардың сын сағаттағы батылдығын нағыз ерлік деп бағалауға болады.