Президент Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығына барды
Мемлекет басшысы Астанадағы санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығына барды.
Мекеме соңғы үлгідегі құрал-қондырғымен жабдықталған. Бірнеше зертханасы бар. Басқа жерде күмән тудырған зерттеулердің дұрыстығы мен дәлдігін осы мекемеде нақты тексеруге болады. Президент орталық жұмысына сәттілік тілеп, мамандарға алғысын айтты.
Бұл – Президент Іс басқармасының медициналық орталығына қарасты санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығының жаңа ғимараты. Биыл пайдалануға берілген. 5 қабаттан тұрады. Жалпы ауданы – 11 347 шаршы метр. Мұнда қоршаған ортаға және тамақ өнімдеріне бактериологиялық, молекулярлық-генетикалық, паразитологиялық, санитариялық-химиялық және токсикологиялық, радиологиялық зерттеу жүргізіледі. Орталық соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталған. Сондықтан мекемедегі зертханалар жедел әрі нақты нәтижелерді алуға мүмкіндік береді.
Зертханаларға химиялық реактивтерді қажет етпейтін ерекше қондырғылар орнатылған. Бұл, маман атап өткендей, зерттеу уақытын едәуір қысқартып, қаржыны да үнемдеуге сеп.
Зерттеудің жаңа түрін, халықаралық стандарттарды енгізу нәтижесінде орталық референс зертхана мәртебесіне ие болмақ. Яғни, басқа жерде күмән тудырған зерттеулердің дұрыстығы мен дәлдігін осы мекемеде нақты тексеруге болады.
Людмила Бюрабекова, ҚР Президенті Іс басқармасы медициналық орталығы басшысының орынбасары:
- Азық-түлік сапасын қысқа мерзімде анықтауға мүмкіндік беретін заманауи анализаторлардан басқа, біздің зертхананың арсеналы жоғары технологиялық құралмен жабдықталған. 7 сағат ішінде зерттелетін материалды жеңіл элементтердің тұрақты изотоптарына ыдыратуға болады. Кейін өнімнің шыққан жерін, ондағы зиянды қоспаларды анықтай аламыз. Бүгінгі таңда азық-түлік қауіпсіздігі әлемнің көптеген елінде Ұлттық қауіпсіздік деңгейіне көтерілді. Себебі тұтынатын өнім өмір сүру ұзақтығына айтарлықтай әсер етеді.
Президент Іс басқармасы медициналық орталығының тарихы тереңде жатыр. Қызметі 1929 жылы шағын амбулаториядан басталған орталық бүгінде елдегі бірегей медициналық мекемеге айналды. 6 мыңнан астам жоғары білікті қызметкер еңбек етеді. Мемлекет басшысы міндетін мінсіз атқарып жүрген мамандарға алғысын айтып, орталықтың денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесін жоғары бағалады.
Бүгінгі таңда медициналық орталық тоғыз озық ұйымды біріктіріп отыр. Соңғы жылдары қызметін кеңейтіп, роботталған хирургияны оқыту және ядролық медицина орталықтарын әрі Check-up диагностика бөлімшесі сынды бірнеше жаңа мекеме ашты. Медциналық ұйымға қарайтын санитариялық-эпидемиялық сараптама орталығында бүгінде 8 зертхана жұмыс істейді. Енді зерттеулер түрін жылына 2000-ға дейін көбейту көзделіп отыр.
Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Алмас Омарғалиев.