Мемлекет басшысы Словак Республикасының президентін құттықтады

www.akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Зузана Чапутованы Словак Республикасының құрылған күнімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

– Егемендік пен бірлік құндылықтарын ту еткен еліңіз бүгінде өзінің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен азаматтарының ырыс-берекесін еселеуде, сондай-ақ халықаралық аренадағы беделін арттыруда биік белестерді бағындырып келеді. Осы тұста Отаныңыз баянды өркендеуін жалғастырып, игі мақсат-мұраттарға жете беруіне тілектестігімді білдіремін. Қазақстан мен Словакия арасында қалыптасқан өзара тиімді ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанын ерекше атап өтемін. Екіжақты ықпалдастығымыз келешекте де зор жетістіктерге толы болатынына кәміл сенімдімін, – деп жазылған жеделхатта.

Қасым-Жомарт Тоқаев Зузана Чапутованың аса жауапты қызметіне толайым табыс, ал Словак халқына бақ-береке тіледі.