Тоқаев QARMET-ке 5 жыл уақыт берді

Тоқаев QARMET-ке 5 жыл уақыт берді

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты.

Өндірістің техникалық жағдайына да қатаң бақылау жасап отыру қажет. Кейбір инвестор тапқан табысын тек қалтаға басқанды жөн көреді. Еңбек қауіпсіздігі, экология, өндірісті жаңғырту сияқты маңызды мәселелерге мүлде назар аударылмайды. Мұндай жағдайға бәріміз куә болдық. Сондықтан, менің тапсырмаммен Қарағанды комбинаты ұлттық инвесторға берілді. Оған берілуінің басты себебі – инвестордың кәсіпорынды кешенді түрде жаңғыртамын деген ниетінің болуы. Өндірістің жұмысын тоқтатпау және апатты жағдайға жол бермеу үшін кен орнын дереу қалпына келтіру, өндірістік қауіпсіздікті күшейту, материалдық-техникалық базаны жаңарту керек. Сондай-ақ, жаңа өндірістер ашып, қосылған құны жоғары тауарлар шығару үшін ауқымды инвестиция тартқан жөн, – деді Тоқаев.

Жоғары технологиямен сапалы құрыш құю тәсілін меңгеру керек.

Мұндай өнімдер көлік жасау өнеркәсібіне және басқа да салаларға қажет. Алдағы бес жылда кәсіпорын өндіріс қарқынын барынша арттырып, ТМД-да көш бастап тұрған металлургия комбинаттарының қатарына қайта қосылуы керек, – деді ол.

Келесі маңызды міндет. Индустрия саласында мықты орта кәсіпкерлікті қалыптастыру қажет.

Мен осы мәселені бірнеше рет көтердім. Алайда әлі күнге дейін жүйелі жұмыс жоспары жасалған жоқ. Қандай басымдықтар болуы керек, кәсіпкерлерге қандай қолдау көрсетіледі деген сұрақтардың жауабы әзірге белгісіз. Жалпы, елімізде заманға сай жаңа өндірістер ашуға мүмкіндік жетеді. Мысалы, ірі мұнай-газ және тау-кен компаниялары жер қойнауын игеру кезінде озық технологияны пайдалана отырып, ұлттық экономиканың құрылымын өзгертуге тиіс. Елімізде жол және құрылыс техникасын, энергетика саласына, суару жүйесіне қажетті құрал-жабдықтар мен басқа да көптеген дайын өнім шығаруға болады. Мұндай өндірістерді қазірден бастап қолға алмасақ, құрал-жабдық импортына толық тәуелді болып қалуымыз әбден мүмкін. Сондықтан индустриялық саясат инфрақұрылымды жаңғырту және минералды-шикізат кешенін дамыту жоспарына сай жүргізілуі өте маңызды. Осы орайда, еліміз машина жасау саласында біршама табысқа жетті, – деді Мемлекет басшысы.