Президент: Мемлекеттік сатып алу саласын реттеу қажет
«Мемлекеттік сатып алу, мемлекет пен жекеменшік серіктестігі, құрылыс саласын реттеу жүйесін реформалау қажет».
Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында осылай деді. Бұл инвестиция тарту және бюджет қаражатын тиімді пайдалану ісіндегі реформалармен барынша үйлесіп, оны толықтыра түсуге тиіс. Қазір Мәжілісте мемлекеттік сатып алу туралы заң жобасы қаралып жатыр. Бұл құжатты пысықтап, жетілдіру қажет. Мемлекет басшысы Парламент депутаттарынан осыған ерекше мән беру қажеттігін айтты. «Әуелі аудиторлардың қызметін реттеу керек. Мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заң ЕРС шарттарын қолдана отырып, инфрақұрылым жобаларын толық жүзеге асыруға мүмкіндік беруге тиіс. Бірақ бізде мемлекет пен жекеменшік серіктестігі жеке жобаларды бюджеттен астыртын қаржыландыратын тәсілге айналып кетті. Мемлекет пен жекеменшік серіктестігі жүйесін қайта құруға қатысты жұмыс баяу жүріп жатыр. Әзірге нақты нәтиже жоқ. Үкімет осы мәселені ретке келтіру қажет», - деді Президент.
Цитата: Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
«Мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін дамыту үшін біраз шаруа атқарылды. Бірақ нәтижесі әлі де мардымсыз. Қазір мұндай жобалар негізінен әлеуметтік салаға енгізілуде».