Қазақстан Қарабақты қалыпқа келтіру ісіне атсалысады

Қазақстан бауырлас елге Қарабақты қалпына келтіру ісіне атсалысады.

Әзербайжанға жасаған мемлекеттік сапарының екінші күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Физули қаласына барды. Бұнда қазақ басшысы, басқыншылардан босаған шаһардың қазіргі жай-күйін көріп, қаланы дамытудың бас жоспарымен танысты. Сондай-ақ бауырлас елге қазақ халқынан, гуманитарлық тарту ретінде, Физулиде салынған Құрманғазы атындағы балалар шығармашылығы орталығының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.

Бауырлас елге жасаған мемлекеттік сапардың екінші күні қазақ басшысы Қарабаққа барды. Қасым-Жомарт Тоқаевты Физули қаласының әуежайында Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев күтіп алып, көлікті өзі тізгіндеп, мәртебелі мейманды Физули қаласына әкетті.

Риат Шони, тілші:

- Бұл тас үйінділер Қарабақтағы Физули қаласының көне орталығы. 1993 жылы бұл аумақты Арменияның қарулы күштері басып алған болатын. Содан бері 30 жыл бойы бұл жер БҰҰ ҚК резолюциясына сай басып алынған аумақ ретінде есептеліп келген. Ал осыдан 4 жыл бұрын Қарабақ қақытығысында Әзербайжандықтар бұл территорияны өздеріне қайтарып, аумақты қарқынды түрде дамытып, көркейтіп жатыр.

Шаһарға жеткен Қазақстан мен Әзербайжан президенттері қаланы дамытудың бас жоспарымен танысты. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, бұл жерде енді ашық аспан астындағы музей болады. Ал жолдың арғы бетінде қазір құрылыс қарқынды жүруде.

Риат Шони, тілші:

- Қарабақты босату операциясында әзербайжандық сарбаздар дәл осы жолмен жеңіске жеткенге дейін жүріп өткен екен. Физулидағы алғашқы салынған құрылыстың бірі дәл осы жол. Қазір қаланы көркейту жұмыстары жүріп жатыр. Мінекей, осындай алып ғимараттар тұрғызылуда.

Қазір бұл шаһарда 38 көп қабатты ғимарат салынып жатыр. Ал былтыр мамыр айында қала ішіндегі көшелер мен жолдардың негізі қаланып, ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары басталған. Сондай-ақ цифрлық қосалқы станция мен «Физули» басқару орталығы іске қосылған. Басқыншылардан босаған қаланы қалпына келтіру жұмыстарына Қазақстан да белсенді ат салысуда.

Баку, Әзербайжан  /24.08.2022/

Мәселен, осыдан 1,5 жыл бұрын Әзербайжанға ресми сапармен келген кезде Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевке бауырлас елге қазақ халқынан гуманитарлық тарту ретінде Физулиде Құрманғазы атындағы балалар шығармашылығы орталығы салынатындығын айтқан.

Енді бүгін қазақ басшысы ғимараттың салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл Қазақстан халқының тартуы. Менің жеке тапсырмам бойынша аталған сыйлықты жекеменшік BI Group компаниясы бүкіл халықтың атынан шын жүректен ұсынып отыр. Орталық елдеріміз арасындағы жан-жақты байланыстарды нығайтуға қызмет етеді деп ойлаймын. Сіздерге табыс пен бақ-береке тілеймін. Әзербайжанның осы қасиетті өлкесі қарыштап дами беретініне сенімдімін.

Құрманғазы атындағы Балалар шығармашылығы орталығының ашылу салтанатында бауырлас елге осындай сый жасағаны үшін Президенті Ильхам Әлиев Қасым-Жомарт Тоқаевқа және барша Қазақстан халқына алғыс айтып, Әзербайжан халқы мұны ешқашан ұмытпайтындығын жеткізді.Жалпы бұл орталық 1,5 гектар аумақта орналасқан. Екі қабатты ғимаратта 600 баланың бірнеше ауысыммен мектептен тыс білім алуына қажетті жағдай жасалған.

Дәулет Жанәбілов, Құрманғазы атындағы балалар шығармашылығы орталығы жобасының жетекшісі:

- Ғимарат 9 ай ішінде салынды. Бұнда балалар мектептен тыс уақыт өткізе алатындай бар жағдай жасалған. Мұнда дәріс залы, шахмат, мүсін студиясы, хореография және спорт залдары, дыбыс жазу кабинеті, музыка және робототехника кабинеттері бар. Сондай-ақ орталықтың аумағында аббаттандырып, балалар алаңын салдық. Алтыбақан орнатып, киіз үй де құрып қойдық.

Заманауи ортылықпен танысып болғаннан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық ұжымына Құрманғазы домбырасының көшірмесін, сондай-ақ білім ошағының тәрбиеленушілерін таситын автобусты сыйға тартты. Айта кету керек, Қарабақты жаңғыртуда қазақстандық компаниялар белсенді ат салысуда. Мәселен, мына жерде Физули қаласының орталық ауруханасы бой көтереді. Ғимаратты қазақстандық компания тұрғызады. Емдеу мекемесі 180 төсек-орынға есептелген. Ғимараттың жалпы ауданы 34 мың шаршы метрден асады. Бүгін Физулиге келген Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев қаладағы орталық аурухана құрылысының жоспарымен танысты. Медициналық мекемеде стационарлық қызмет көрсететін кардиология, неврология, гинекология, гемодиализ, хирургия, және жұқпалы аурулар бөлімдерін ашу жоспарланып отыр.

Риат Шони, Марат Диханбаев, Бахытбек Нұртаев және Алмас Омарғалиев