Су тасқыны: Ақтөбе облысында үй құрылысы басталды
Ақтөбе облысының тасқын судан зардап шеккен аудандарында жаңа баспаналардың құрылысы басталды, деп хабарлайды 24KZ.
Мәселен, Қобда ауданының орталығында 120 жаңа үй тұрғызылады. Қазір бекітілген мердігерлер жер өлшеу жұмыстарын жүргізіп, іргетасын қалауға кірісіп кеткен.
Жоныс Дариябаев ағасының су басқан үйіне күнделікті бас сұғады. Апатты күйде болса да, отбасына 30 жыл пана болған қарашаңырақ ыстық, – дейді. Қобда өзені арнасынан тасып, ауылға таяғанда үй иелері дереу қауіпсіз жерге көшірілген.
Жоныс Дариябаев, Қобда ауылының тұрғыны:
- Бірінші осы үйге кіріп кетті. Содан кейін қалған жерлерге кірді. Толып тұрды ғой мына жерге дейін су. Саман болғасын бәрі кетеді ғой енді. Не экотон емес, баяғы уақытта экотон болған жоқ қой. Бірақ енді көршілер, ЧС рақмет. Мына ауылдың жігіттеріне рақмет, бәрі көмектесіп үйді шығарып алдық, малды шығарып алдық.
Екпіндеп келген сең мен тасқын қабырғасын қисайтқан ғимарат баспана болудан қалған. Сондықтан Дариябаевтар отбасына жаңа үй беріледі. Қобда ауданында қарғын су 292 ауланы басқан. 150 үй апатты деп танылып отыр. Бұл сан әлі де өзгеруі мүмкін. Себебі комиссия жұмысы аяқталған жоқ. Соған қарамастан жаңа үйлердің құрылысы ұзаққа созылмай басталып кеткен.
Мансұр Есқожин, тілші:
- Қобданың орталығында қазір бірнеше құрылыс компаниясы іске кіріскен. Мұнда қажетті құрылыс материалдары тасымалданып, болашақ баспаналардың іргетасы қаланып жатыр. Жоспарға сай үйлердің ауданы 80 және 100 шаршы метр болады.
Аудан орталығын дамытудың бас жоспарына сәйкес белгіленген жер телімдерінде инженерлік желілері жүргізілген. Сондықтан іші-сырты сыланған дайын баспаналар шамамен 2 айдан кейін қолданысқа берілуі тиіс. Ауыл халқының тағы бір мәселесі – төрт-түлік шығынын өтеу жұмыстары да қауырт қолға алынған.
Ізгілік Тынымгереев, Қобда ауданының әкімі:
- Шаруа қожалықтардың, жеке қосалқы шаруашылықтардың өздерінің арыз-шағымындарына байланысты 1063 бас тіркелді. Оларға да қазір барлық қызметтер жұмыс жасап, ветеринарлық қызметі, ауылдық округ әкімдері жұмыстарын жүргізіп, төлемақылары төлене бастады.
Жалпы Ақтөбе облысында 4,5 мыңға жуық үйді су басқан. Соңғы деректерге сәйкес 587 жаңа баспана салынады деп жоспарланып отыр. 615-і жөнделеді. Нарықтағы дайын үйлерді сатып алу реті де қарастырылған.
Ержан Мұздыбаев, облыстық құрылыс басқармасының басшысы:
- Сатып алатын тұрғын үйлердің саны облыс бойынша 199 болып отыр. Сатып алу тәсілі ол дайын тұрған тұрғын үйді тұрғындар өздері келісу арқылы бір-бірімен келісімшартқа отырып, аудан әкімдігі тарапынан үшжақты сол үйді бағалаушы компанияның берген бағасына сәйкес сатып алып, тез арада ол тұрғын үйге қол жеткізетін болады.
Жергілікті атқарушы билік өкілдері алдағы екі апта ішінде Ойыл ауданында да құрылыс басталады деп мәлімдеді. Қазір Қаратал ауылында қираған үйлердің орнын тазалау жұмыстары жүріп жатыр.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов.