Бауырлас елдер қауіпсіздік үшін күш біріктіреді

Жаһан өзгеріс кезеңін бастан өткеріп жатыр. Қазір қарулы қақтығыс пен эктремизмнен көз ашу мүмкін емес.

Ал Орталық Азия – Шығыс пен Батыс арасын жалғап тұрған алтын көпір. Соңғы кездері өңірге қызығушылық жоғары, тиісінше қырын қарайтындар да көбеюі заңдылық. Қазақ "Жауын аяған жаралы" дейді, демек қауіпсіздік үшін батыл шешім қабылдап, күш біріктіретін кез келді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Заманауи сын-қатерлердің көбі трансшекаралық сипатқа ие. Сондықтан оларға қарсы тұру үшін күш-жігер біріктіру қажет.  Бұл жерде, ең әуелі, халықаралық экстремизм мен терроризмге, есірткі тасымалына, қару-жарақ саудасына қарсы күрес туралы сөз болып отыр.

Бауырлас елдер бір-біріне қорған болуы керек. Ал бізге қауіп, ең алдымен, экстремистерден төнеді. Бұған Мәскеуде болған оқиға дәлел. Қала ішінде лаң салған террористер тұрғындарды қанға бөктіріп, қырып салды. Мұндай жағдай біздің аймақта қайталанбауға тиіс. Сол үшін ішкі қауіпсіздікпен қоса, шекара сыртында да сауатты саясат жүргізу маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біздің ойымызша, Ауғанстанды өңірлік байланыстарға белсенді тарту – дәл қазіргі кездегі стратегиялық міндеттердің бірі. Мұнда көп нәрсе біздің елдеріміздің үйлесімді ұстанымына байланысты. Қазақстанда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму жөніндегі аймақтық орталығын ашу өзекті мәселе деп санаймыз.

Президент ұсынған бастамаларды бауырлас мемлекеттер қолдап отыр. Оларға да қорған керек, олар да қауіпсіздік үшін алаңдайды.

Виктор Махмудов, Өзбекстан Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы:

- Сіздің Орталық Азия қауіпсіздігін нығайту туралы бастамаларыңызды толық қолдаймыз. Астанадағы басқосу тарихи болатынына шүбә келтірмеймін. Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықтың іргетасын берік қалайды. Осы арқылы маңызды мәселелерді жылдам шеше аламыз. Қазақстандық тараптың ұсынысына келісеміз.

Қауіпсіздік мәселесін көтерсең, талай мәселе су бетіне қалқып шыға келеді. Ашығын айту керек, Орталық Азия бестігін араздастырғысы келетін бөгде күштер де бар. Олар жайлы Қасым-Жомарт Тоқаев та айтып, мұндай әрекетпен ашық күресетінін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз мұндай тәсілдер мен әрекеттерге ашық қарсымыз. Бұған күмән болмасын. Жалпы, біздің елдеріміз арасында өзара оңтайлы шешім таба алмайтын мәселе жоқ және болмауға тиіс. Тек ортақ іс-қимыл синергиясы мен өзара қолдау бауырлас халықтарымыздың өркендеуіне жол ашатынына сенімдімін.

Иә, ішкі араздық болмас үшін туындаған мәселені кеңесе, келісе отырып шешу керек. Шешілмеген дау, жауабы табылмаған сұрақ қалмағаны маңызды. Қазір су, энергетика және кеден саласында түсініспеушіліктер орнайтыны жасырын емес.

Марат Иманқұлов, Қырғызстан Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы:

- Бүгінгі кездесу өте өзекті мәселелерді қамтып отыр. Оның ішінде халықтарымызды алаңдататын су, энергетикалық, транспорттық түйткілдер де бар. Осы бағыттағы теріс тендецияны анықтауға жұмыс істеп жатырмыз. Сол үшін бізге ашық әңгіме болатын алаң керек. Дәл осындай жағдайда мәселені шешу мүмкіндігі туады.

Аталған мәселелердің барлығын тараптар 9 тамызда Астанада өтетін Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI Консультативтік кездесуінде шешіп алмақ. Ал бүгінгі отырыс осы ауқымды жиынның алғашқы қадамы. Аймақтық кооперацияны дамыту жөніндегі «Орталық Азия – 2040» стратегиясы да әзірленді. Астанадағы саммит барысында осы құжатты қабылдау мәселесі қаралады. Осылайша, біз қорғанысты ғана нығайтпай, экономикалық түйіткілдерді де тарқатамыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл құжат стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтереді. Осы тарихи шартқа қол қою рәсімінің аяқталуы және оның күшіне енуі Астанадағы саммиттің басты нәтижесінің бірі болар еді деп санаймын. Біздің бесжақты форматты институционалдық тұрғыда одан әрі жетілдіру өзекті болып қала береді.

Қорғанысты күшейту маңызды, алайда Орталық Азия әлем үшін жабық аймаққа айналмайды. Біз өзге мемлекеттермен байланысты нығайта береміз. Бұған жаһан елдерінің де қызығушылығы да жоғары.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Шетелдік серіктестермен жан-жақты байланыстар жоспарлы түрде нығайып келеді. Өздеріңізге мәлім, әлемдік ойыншылар «Орталық Азия +» форматындағы белсенді ықпалдастыққа зор қызығушылық білдіріп отыр. Былтыр өткізілген кездесулердің қорытындылары – соның айқын дәлелі.

Қазіргі басты мақсат – әр салада берік байланыс орнату. Соңғы уақытта мемлекетаралық саяси диалог мүлде жаңа деңгейге көтерілді. Өңір елдері арасындағы өзара сауда-экономикалық ықпалдастық белсенді түрде кеңеюде. Аймақ осы қарқыннан таймаудың жолын іздейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Соңғы бес жылда өңірішілік сауда-саттық көрсеткіші 80 пайыздан астам артып, 10 миллиард доллардан асқан. Бұл ретте елдер арасындағы экспорттық-импорттық операцияларды жоспарлы түрде ұлғайту, тауарлардың номенклатурасын көбейту мәселелері шешіліп жатыр. Аймақтық ірі жобалар бәрімізге айтарлықтай пайда әкеліп қана қоймай, Орталық Азия экономикасының бүкіл құрылымын да өзгертеді.

Орталық Азиядағы серіктестерімізге сенім артуға болады. Олардың басына күн туғанда біз әрдайым қолдауымызды аямадық. Биылғы су тасқыны кезінде бауырлас елдер жылуын жіберді. Кездесу барысында мемлекет басшысы бұған ризашылығын білдірді. Шын мәнінде, біздің тарап бұл игі істі жоғары бағалайды және оны шынайы достықтың, тату көршіліктің және өзара қолдаудың айқын дәлелі ретінде қарастырады.

Бекзат Аманов, Ернар Нысанбай, 24.KZ, ПТРК