Қазақ-қытай сауда-саттығы $40 млрд жетті
Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-саттық былтыр 40 млрд долларға жетті.
Бұл – рекордтық көрсеткіш. Ендігі меже 100 млрд долларға дейін жеткізу.
Бұл жөнінде бүгін Қазақстанға ресми сапармен келген Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесі Премьерінің орынбасары Лю Гочжунды қабылдған Президент осылай деді.
Әңгімелесу барысында тараптар екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, қос мемлекеттің жан-жақты стратегиялық серіктестігі мен мәңгілік достығы ұдайы дамып келеді. Ал Қазақстан Қытайдың сенімді серіктесі және солай болып қала береді.
Өз кезегінде Лю Гоч-жун арадағы ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақcтан мен Қытайдың жан-жақты стратегиялық серіктестігі мен мәңгілік достығы ұдайы дамып келеді. Біз болашаққа сеніммен қараймыз. Мұны ерекше атап өту керек. Екіжақты сауда-саттықтың көлемі бойынша көш бастап тұрған Қытай – Қазақстанның жетекші сауда-экономикалық серіктесі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 40 миллиард долларға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Біз мұны 100 миллиард долларға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Бұл мақсатқа қол жеткізуге болады.
Лю Гочжун, ҚХР мемлекеттік кеңесі премьерінің орынбасары:
- Қытай халқының сыралғы әрі ізгі ниетті досы ретінде Сіз осы жылдар ішінде Қытай мен Қазақстан қатынастарының дамуына сүбелі үлес қостыңыз. Мұны қытай тарапы жоғары бағалайды. Сіздің басшылығыңызбен еліңіз қуатты, гүлденген Жаңа Қазақстанды құру жолында ілгерілей беретініне сенімдімін. Қытай мен Қазақстан – тату көршілер, сенімді серіктестер әрі бір-бірін толықтыратын достас елдер.