Талғардағы өрт бойынша тиісті сараптама жүріп жатыр
Талғардағы атышулы іс бойынша барлық айғақ алынып, қажетті сараптамалар жүріп жатыр.
Бұл туралы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Аленов пен Алматы облысының прокуроры Берік Адамов хабарлады. "Қаза тапқан Шерзат Болаттың үйі өртенген кезде баспанада ешкім тұрып жатқан жоқ болатын. Отбасы мүшелері қазір басқа мекен-жайда тұрып жатыр. Қылмыскерлер ұсталып, міндетті түрде жауапқа тартылады", - деді Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары. Бауыржан Аленовтің айтуынша, қылмыс жасалған сәттен бастап, яғни 4 қазаннан бері Ішкі істер министрлігінің орталық аппараты қызметкерлерінен құралған жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Алматы облысының прокуроры Берік Адамов тергеу әрекеттері Бас прокуратураның бақылауында екенін атап өтті. "Тергеу барысы туралы бас прокурорға есеп беремін. Бүгінгі таңда арнайы прокурорлар үйді өртеу фактісін тергеп жатыр. Оқиға орнынан барлық айғақ алынып, олар бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды. Біз сараптама нәтижелерін күтудеміз, одан кейін қосымша ақпарат беріледі. Азаматтарға жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылатынын ескерткім келеді", - деді Алматы облысының прокуроры Берік Адамов.