Қазақстанда жоғары білім беруді жаңғыртудың бағдарламасы жүзеге асып жатыр

Қазақстанда жоғары білім беруді жаңғыртудың бағдарламасы жүзеге асып жатыр
primeminister.kz

Қазақстан Үкіметі Coursera-мен серіктестікте жоғары білім беруді жаңғыртудың ауқымды бағдарламасын жүзеге асырып келеді, деп хабарлайды primeminister.kz.

Шикізаттық экономикадан қосылған құн өндірісіне көшу және COVID-19 пандемиясынан туындаған қиындықтар кезінде елімізде білім беру тәсілін қайта қарау маңызды болды.

Цифрлық дағдылары бар білікті жұмыс күшіне деген сұраныстың артуы жоғары білім беруді реформалау қажеттігін көрсетеді. Tableau есебіне сәйкес, 2025 жылға қарай жұмысшылардың 70%-ы өз қызметінде деректерді белсенді түрде пайдаланады, бұл Қазақстанның студенттерді тілдік кедергілер, дағдылардың сәйкессіздігі, шектеулі халықаралық тәжірибе, технологиялық интеграцияны қоса алғанда, заманауи сын-қатерлерге дайындаудағы күш-жігерінің өзектілігін растайды.

ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек атап өткендей, қосылған құн өндірісіне көшу үшін елімізге білікті жұмыс күші қажет.

Осыған байланысты, 2022 жылдың қыркүйегінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Coursera бас директоры Джефф Магджионкалдамен ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Нәтижесінде, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Coursera серіктесі болды, бұл киберқауіпсіздік және бағдарламалау сияқты сұранысқа ие салаларда студенттер даярлау үшін кәсіби сертификаттар мен курстарды енгізуге мүмкіндік берді.

Аталған ынтымақтастық аясында студенттерді киберқауіпсіздік, жобаларды басқару, UX дизайны және бағдарламалық жасақтама саласындағы мансапқа дайындау үшін кәсіби сертификаттар, курстар мен мамандықтар енгізілді.

Жоба бастапқыда 25 университетті қамтыса, бір жыл ішінде 93 жоғары оқу орнына дейін кеңейді. Coursera курстары студенттерге аралас оқыту мен өз бетінше қатыса алатын курстар ұсына отырып, оқу жоспарларына біріктіріле бастады.

2023 жылы Coursera-ның тәуелсіз 853 курсы 116 университет пәнін алмастырды, ал 3244 курс 1631 пәнге ішінара біріктірілді. Тек 2023 жылы 46 мыңнан астам оқушы түрлі мамандықтар бойынша 73 мың сертификат алды.

«Бұл күш-жігер еліміздің білім беру жүйесін жаңғыртып қана қоймайды. Біз студенттеріміздің жаһанданған цифрлы әлемде табысқа жетуге дайын екеніне көз жеткізгіміз келеді. Бұл Қазақстандағы білім берудің болашағы және біз осы жолда көшбасшы болуға ұмтыламыз», — деп атап Саясат Нұрбек.

Қазақстандық біліктілікті арттыру бағдарламасы профессор-оқытушылар құрамы арасында да қызығушылық тудырып отыр, бұл бағытта 300-ден астам оқытушы өз курстарын әзірлей бастады. Оқу процесіне жасанды интеллект технологияларын енгізу мазмұнды жергілікті жағдайларға бейімдеу үшін жаңа мүмкіндіктер жасайды.

Қорытындылай келе, жоғары білім беруді цифрлық трансформациялау жөніндегі қазақстандық бастама Үкіметтің, білім беру мекемелері мен бизнестің бірлескен күш-жігері арқылы болашақтың сын-тегеуріндеріне дайын жұмыс күшін қалыптастыру мүмкіндігін көрсетеді.