Қазақстан мен Ресей өзара жиырма құжатқа қол қояды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Астанаға мемлекеттік сапармен келген Ресей Президенті Владимир Путин арасында келіссөз басталды.
Тараптар сан саладағы серіктестікті қарап, 20 құжат қабылдамақ. Шағын құрамдағы кездесуде өнеркәсіп кооперациясы, энергетика, мұнай-газ өнеркәсібі сынды маңызды салалар әңгімеге арқау болды. Президенттер тағы не айтты? Бекзат Амановтың материалынан білейік.
Қазақстан мен Ресей. Еуразия орталығынан орын тепкен екі алып ел. Қос мемлекетті әлемдегі құрлық арқылы өтетін ең ұзын шекара бөліп тұр. Арамыз ажырамайды, аймақ бір. Содан да ежелден тараптардың тарихы тамырлас, ағайыны аралас. Жұртымыз саясат ғана емес, қарапайым тұрмыста да көршімен келелі келісім ұстануды жөн санаған. Ал қазіргі жаһандық аласапыранда саяси диалогқа серпін берудің мәні арта түсті. Сондықтан бұл сапар қос халық үшін де маңызды. Солтүстіктегі серіктесті Астана сән-салтанатымен қарсы алды.
Ресей Президенті Владимир Путин мінген борт әуежайға ымырт жабылып, қас қарайғанда қонды. Құрметті қонақты Қасым-Жомарт Тоқаев жеке қарсы алды. Шынайы достықтың белгісі ретінде балалар екі елдің жалауын желбіретіп, қошемет көрсетті. Ресей делегациясына арнап өлең оқыды. Кәсіби суретші Әсел Сабыржанқызы ерекше картинасымен таныстырды. Туындыда Ақорда мен Кремль бейнеленген. Екі резиденцияның арасын достық көпір жалғап тұр. Мұның астары терең. Ал Президенттердің сол туындыға қалдырған таңбасынан байланысты бекітуге деген ниетті аңғаруға болады.
Салтанатты қабылдау Ақордада жалғасты. Ресми рәсімдерден соң ұзақ аялдамай, Президенттер кездесуге беттеді. Шағын құрамдағы келіссөздің алдында бірге суретке түсті, кейін талқы үстеліне отырды. Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін ілтіпаттан бастап, сенімдік серіктестік турасында қостады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сіздің қазақстандық ақпарат құралдарында жарияланған бүгінгі мақалаңызды мұқият оқып шықтым. Ал менің мақалам Ресей баспасөзінде жарияланды. Біз болашаққа бағытталған екіжақты ынтымақтастықты дамыту жөніндегі көшелі ойларымызды жан-жақты жеткіздік. Өз мақаламда Қазақстан осындай күрделі кезеңде Ресейдің сенімді стратегиялық серіктесі әрі одақтасы екенін және алдағы уақытта да бұл бағыттан айнымайтынын атап өттім.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан мен Ресей екіжақты серіктестіктің оң қарқынын сақтап қана қоймай, оны еселей түскен. Енді осы сапар аясында достыққа дем беріп, көрсеткіштерді ұлғайтуға мүмкіндік туып тұр. Бүгін 20 құжат қабылданады. Тараптар өнеркәсіп кооперациясы, энергетика, мұнай-газ өнеркәсібі сынды маңызды салалар талқыланды. Энергия ресурстарының тасымалы мен машина жасау, көлік-логистика да қаузалды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сіздің бүгінгі сапарыңыздың күн тәртібі өте ауқымды. Сапар қарсаңында Үкімет мүшелері кездесіп, біз талқылайтын барлық мәселені пысықтады. Бүгін өте маңызды құжаттарды қабылдаймыз. Бұл 20 келісімнен тұратын құжаттар біздің тату көршілік және серіктестік рухындағы ынтымақтастығымызды одан әрі дамытуға тың серпін береді.
Келіссөз барысында Владимир Путин ерекше сый-құрмет үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. "Біз достас елдерміз", - деп қарқынды дамып келе жатқан іскерлік қарым-қатынасты қолдайтынын жеткізді. Сондай-ақ, екі жақты байланыстардың қарқынын жоғары бағалап, мемлекеттік сапарының мәні мен маңызына тоқталды.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:
- Бүгінгі келіссөздердің қорытындысы бойынша бірқатар құжат қабылданады. Олардың қатарында Бірлескен мәлімдеме және түрлі саладағы ықпалдастығымызға қатысты құжаттар бар. Ресей Қазақстанның ең ірі сауда-экономикалық серіктесінің бірі болып қала береді. Сізге Ресей-Қазақстан ынтымақтастығын дамытуға ерекше назар аударғаныңыз үшін алғыс айтамын. Қазақстанды адал досымыз және жақын одақтасымыз деп танимыз.
Екі тарап арасында сауда айналымында да серпіліс байқалады. Былтыр оның көлемі 28,5 миллиард долларды құрады. Ал Қазақстан экономикасына құйылған инвестиция 13 миллиард долларға жетті. Сарапшылар көрсеткішті еселетуге әлеует зор дейді. Басты бағыттар мыналар.
Әлібек Тәжібаев, сарапшы:
- Ресейден келген тікелей шетелдік инвестициялар көтеріліп жатыр. Мысалы үшін мұнай-газ саласында, содан кейін машина жасау нелерінде. Энергетика, машина строение, құбыр арқылы газ жіберу осындай салаларда кішкене дамыту керек бізге. Осы салада әлеует, істейтін қадамдар да көп.
Көкжиегі кең келіссөздер жалғасып жатыр. Жоспар бойынша Президенттер бірлескен мәлімдеме жасайды. Нақты нәтижелер сол уақытта белгілі болады.
Бекзат Аманов Ислам Маханбет