Тоқаев: Ресеймен өзара ынтымақтастық бойынша ортақ ұйғарымға келдік
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Астанаға мемлекеттік сапармен келген Ресей Президенті Владимир Путин арасында келіссөз басталды.
Тараптар сан саладағы серіктестікті қарап, 20 құжат қабылдамақ. Шағын құрамдағы кездесуде өнеркәсіп кооперациясы, энергетика, мұнай-газ өнеркәсібі сынды маңызды салалар әңгімеге арқау болды. Президенттер тағы не айтты?
Қазақстан мен Ресей. Еуразия орталығынан орын тепкен екі алып ел. Қос мемлекетті әлемдегі құрлық арқылы өтетін ең ұзын шекара бөліп тұр. Арамыз ажырамайды, аймақ бір. Содан да ежелден тараптардың тарихы тамырлас, ағайыны аралас. Жұртымыз саясат ғана емес, қарапайым тұрмыста да көршімен келелі келісім ұстануды жөн санаған. Ал қазіргі жаһандық аласапыранда саяси диалогқа серпін берудің мәні арта түсті. Сондықтан бұл сапар қос халық үшін де маңызды. Солтүстіктегі серіктесті Астана сән-салтанатымен қарсы алды.
Ресей Президенті Владимир Путин мінген борт әуежайға ымырт жабылып, қас қарайғанда қонды. Құрметті қонақты Қасым-Жомарт Тоқаев жеке қарсы алды. Шынайы достықтың белгісі ретінде балалар екі елдің жалауын желбіретіп, қошемет көрсетті. Ресей делегациясына арнап өлең оқыды. Кәсіби суретші Әсел Сабыржанқызы ерекше картинасымен таныстырды. Туындыда Ақорда мен Кремль бейнеленген. Екі резиденцияның арасын достық көпір жалғап тұр. Мұның астары терең. Ал Президенттердің сол туындыға қалдырған таңбасынан байланысты бекітуге деген ниетті аңғаруға болады.
Салтанатты қабылдау Ақордада жалғасты. Ресми рәсімдерден соң ұзақ аялдамай, Президенттер кездесуге беттеді. Шағын құрамдағы келіссөздің алдында бірге суретке түсті, кейін талқы үстеліне отырды. Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін ілтіпаттан бастап, сенімдік серіктестік турасында қостады.
Серіктестікке серпіліс беретін 20 құжат қабылданады
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сіздің қазақстандық ақпарат құралдарында жарияланған бүгінгі мақалаңызды мұқият оқып шықтым. Ал менің мақалам Ресей баспасөзінде жарияланды. Біз болашаққа бағытталған екіжақты ынтымақтастықты дамыту жөніндегі көшелі ойларымызды жан-жақты жеткіздік. Өз мақаламда Қазақстан осындай күрделі кезеңде Ресейдің сенімді стратегиялық серіктесі әрі одақтасы екенін және алдағы уақытта да бұл бағыттан айнымайтынын атап өттім.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан мен Ресей екіжақты серіктестіктің оң қарқынын сақтап қана қоймай, оны еселей түскен. Енді осы сапар аясында достыққа дем беріп, көрсеткіштерді ұлғайтуға мүмкіндік туып тұр. Бүгін 20 құжат қабылданады. Тараптар өнеркәсіп кооперациясы, энергетика, мұнай-газ өнеркәсібі сынды маңызды салалар талқыланды. Энергия ресурстарының тасымалы мен машина жасау, көлік-логистика да қаузалды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сіздің бүгінгі сапарыңыздың күн тәртібі өте ауқымды. Сапар қарсаңында Үкімет мүшелері кездесіп, біз талқылайтын барлық мәселені пысықтады. Бүгін өте маңызды құжаттарды қабылдаймыз. Бұл 20 келісімнен тұратын құжаттар біздің тату көршілік және серіктестік рухындағы ынтымақтастығымызды одан әрі дамытуға тың серпін береді.
Келіссөз барысында Владимир Путин ерекше сый-құрмет үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. "Біз достас елдерміз", - деп қарқынды дамып келе жатқан іскерлік қарым-қатынасты қолдайтынын жеткізді. Сондай-ақ екі жақты байланыстардың қарқынын жоғары бағалап, мемлекеттік сапарының мәні мен маңызына тоқталды.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:
- Бүгінгі келіссөздердің қорытындысы бойынша бірқатар құжат қабылданады. Олардың қатарында Бірлескен мәлімдеме және түрлі саладағы ықпалдастығымызға қатысты құжаттар бар. Ресей Қазақстанның ең ірі сауда-экономикалық серіктесінің бірі болып қала береді. Сізге Ресей-Қазақстан ынтымақтастығын дамытуға ерекше назар аударғаныңыз үшін алғыс айтамын. Қазақстанды адал досымыз және жақын одақтасымыз деп танимыз.
Екі тарап арасында сауда айналымында да серпіліс байқалады. Былтыр оның көлемі 28,5 миллиард долларды құрады. Ал Қазақстан экономикасына құйылған инвестиция 13 миллиард долларға жетті. Сарапшылар көрсеткішті еселетуге әлеует зор дейді. Басты бағыттар мыналар.
Әлібек Тәжібаев, сарапшы:
- Ресейден келген тікелей шетелдік инвестициялар көтеріліп жатыр. Мысалы үшін мұнай-газ саласында, содан кейін машина жасау нелерінде.+Энергетика, машина строение, құбыр арқылы газ жіберу осындай салаларда кішкене дамыту керек бізге. Осы салада әлеует, істейтін қадамдар да көп.
Сенімді серіктестіктің жаңа парағын ашатын уақыт жетті. Ол үшін көлемді келіссөздер қажет. Мұны тараптар жақсы түсінеді. Сол үшін Президенттер кеңейтілген құрамдағы кездесуге ойысты. Бұл жерде сауда-экономика, көлік-логистика, отын-энергетикаға баса назар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейінгі кездесуге оң бағасын бері.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Өзара ынтымақтастық бойынша ортақ ұйғарымға келдік. Үкіметтерге тиісті тапсырмалар берілді. Алдымызда ауқымды жұмыс күтіп тұр. Екі елдің қарым-қатынасы зор қарқынмен дамып келеді. Біздің міндетіміз – осы динамиканы бәсеңдетпей, елдеріміз арасындағы сауда-саттықтың табысты өркендеуіне, инвестициялық ынтымақтастықтың тереңдеуіне, сондай-ақ білім мен гуманитарлық салалардағы байланыстардың нығаюына қолайлы жағдай жасау.
Ресей Президенті Қазақстанға үлкен делегациямен келген. Тиісінше, талқыланатын сала да көп. Әрине, негізгі бағыт саудаға беріледі. Мемлекет басшысы саладағы серіктестіктің қазіргі жағдайын назардан тыс қалдырмады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Өзара сауда-саттық үздіксіз дамуда, таяу уақытта екіжақты тауар айналымын 30 миллиард долларға дейін жеткізуге мол мүмкіндік бар. Инвестиция саласында да оң үрдіс байқалады.
Қазір 93 бірлескен жоба жүзеге асты. Жалпы инвестиция көлемі 18,3 миллиард доллар. Нәтижесінде Қазақстанда 22 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Алдағы уақытқа жоспар көп. 20 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 49 жоба қолға алынған. Оның құны 30 миллиард долларға жуықтайды.
Жүзеге асты:
Бірлескен жоба – 93
Инвестиция көлемі – $18,3 млрд
Ашылған жұмыс орны – 22 мың
Жоспар:
Бірлескен жоба – 49
Инвестиция көлемі – $29,5 млрд
Ашылатын жұмыс орны – 20 мың
Ал Владимир Путин Мәскеу мен Астана арасындағы ықпалдастық барлық бағыт бойынша белсенді өрбіп келе жатқанын мәлімдеді. Қазақстанды стратегиялық серіктес әрі сенімді одақтас деді. Барлық сауалдың жауабын табуға ортақ ұмытылыс бар екенін жеткізді.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:
- Шағын құрамдағы келіссөз барысында екі жақты байланыстар аясында туындайтын проблемаларға назар аудардық. Ең бастысы, барлық сауалдың жауабын табуға ортақ ұмтылыс бар. Мен екі ел арасында шешілмейтін түйткіл жоқ екенін жақсы білемін. Ал мұндай ниеттестік үлкен жетістіктерге ұласады.
Владимир Путиннің Астанға ресми сапары аясында келелі келісімдер мен маңызды құжаттарға қол қойылады. Сондай-ақ Президенттердің бірлескен мәлімдемесі күтіледі.
Бекзат Аманов