Президент: Ресей – Қазақстанның стратегиялық серіктесі әрі сенімді одақтасы
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин стратегиялық әріптестікті тереңдету туралы бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Ресей президентінің Қазақстанға Мемлекеттік сапары аясында бірқатар маңызды құжат қабылданды. Тараптар сан саладағы серіктестікті қарап, өнеркәсіп кооперациясы, энергетика, мұнай-газ өнеркәсібі сынды маңызды салалар әңгімеге арқау болды.
Қазақстан мен Ресей. Еуразия орталығынан орын тепкен екі алып ел. Қос мемлекетті әлемдегі құрлық арқылы өтетін ең ұзын шекара бөліп тұр. Арамыз ажырамайды, аймақ бір. Содан да ежелден тараптардың тарихы тамырлас, ағайыны аралас. Жұртымыз саясат ғана емес, қарапайым тұрмыста да көршімен келелі келісім ұстануды жөн санаған. Ал қазіргі жаһандық аласапыранда саяси диалогқа серпін берудің мәні арта түсті. Сондықтан бұл сапар қос халық үшін де маңызды. Солтүстіктегі серіктесті Астана сән-салтанатымен қарсы алды.
Ресей Президенті Владимир Путин мінген борт әуежайға ымырт жабылып, қас қарайғанда қонды. Құрметті қонақты Қасым-Жомарт Тоқаев жеке қарсы алды. Шынайы достықтың белгісі ретінде балалар екі елдің жалауын желбіретіп, қошемет көрсетті. Ресей делегациясына арнап өлең оқыды. Кәсіби суретші Әсел Сабыржанқызы ерекше картинасымен таныстырды. Туындыда Ақорда мен Кремль бейнеленген. Екі резиденцияның арасын достық көпір жалғап тұр. Мұның астары терең. Ал Президенттердің сол туындыға қалдырған таңбасынан байланысты бекітуге деген ниетті аңғаруға болады.
Салтанатты қабылдау Ақордада жалғасты. Ресми рәсімдерден соң ұзақ аялдамай, Президенттер кездесуге беттеді. Шағын құрамдағы келіссөздің алдында бірге суретке түсті, кейін талқы үстеліне отырды. Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін ілтіпаттан бастап, сенімдік серіктестік турасында қостады.
Серіктестікке серпіліс беретін 20 құжат қабылданады
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сіздің қазақстандық ақпарат құралдарында жарияланған бүгінгі мақалаңызды мұқият оқып шықтым. Ал менің мақалам Ресей баспасөзінде жарияланды. Біз болашаққа бағытталған екіжақты ынтымақтастықты дамыту жөніндегі көшелі ойларымызды жан-жақты жеткіздік. Өз мақаламда Қазақстан осындай күрделі кезеңде Ресейдің сенімді стратегиялық серіктесі әрі одақтасы екенін және алдағы уақытта да бұл бағыттан айнымайтынын атап өттім.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан мен Ресей екіжақты серіктестіктің оң қарқынын сақтап қана қоймай, оны еселей түскен. Енді осы сапар аясында достыққа дем беріп, көрсеткіштерді ұлғайтуға мүмкіндік туып тұр. Бүгін 20 құжат қабылданады. Тараптар өнеркәсіп кооперациясы, энергетика, мұнай-газ өнеркәсібі сынды маңызды салалар талқыланды. Энергия ресурстарының тасымалы мен машина жасау, көлік-логистика да қаузалды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сіздің бүгінгі сапарыңыздың күн тәртібі өте ауқымды. Сапар қарсаңында Үкімет мүшелері кездесіп, біз талқылайтын барлық мәселені пысықтады. Бүгін өте маңызды құжаттарды қабылдаймыз. Бұл 20 келісімнен тұратын құжаттар біздің тату көршілік және серіктестік рухындағы ынтымақтастығымызды одан әрі дамытуға тың серпін береді.
Келіссөз барысында Владимир Путин ерекше сый-құрмет үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. "Біз достас елдерміз", - деп қарқынды дамып келе жатқан іскерлік қарым-қатынасты қолдайтынын жеткізді. Сондай-ақ, екіжақты байланыстардың қарқынын жоғары бағалап, мемлекеттік сапарының мәні мен маңызына тоқталды.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:
- Бүгінгі келіссөздердің қорытындысы бойынша бірқатар құжат қабылданады. Олардың қатарында Бірлескен мәлімдеме және түрлі саладағы ықпалдастығымызға қатысты құжаттар бар. Ресей Қазақстанның ең ірі сауда-экономикалық серіктесінің бірі болып қала береді. Сізге Ресей-Қазақстан ынтымақтастығын дамытуға ерекше назар аударғаныңыз үшін алғыс айтамын. Қазақстанды адал досымыз және жақын одақтасымыз деп танимыз.
Екі тарап арасында сауда айналымында да серпіліс байқалады. Былтыр оның көлемі 28,5 миллиард долларды құрады. Ал Қазақстан экономикасына құйылған инвестиция 13 миллиард долларға жетті. Сарапшылар көрсеткішті еселетуге әлеует зор дейді. Басты бағыттар мыналар.
Әлібек Тәжібаев, сарапшы:
- Ресейден келген тікелей шетелдік инвестициялар көтеріліп жатыр. Мысалы, үшін мұнай-газ саласында, содан кейін машина жасау нелерінде.+Энергетика, машина строение, құбыр арқылы газ жіберу осындай салаларда кішкене дамыту керек бізге. Осы салада әлеует, істейтін қадамдар да көп.
Сенімді серіктестіктің жаңа парағын ашатын уақыт жетті. Ол үшін көлемді келіссөздер қажет. Мұны тараптар жақсы түсінеді. Сол үшін Президенттер кеңейтілген құрамдағы кездесуге ойысты. Бұл жерде сауда-экономика, көлік-логистика, отын-энергетикаға баса назар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейінгі кездесуге оң бағасын бері.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Өзара ынтымақтастық бойынша ортақ ұйғарымға келдік. Үкіметтерге тиісті тапсырмалар берілді. Алдымызда ауқымды жұмыс күтіп тұр. Екі елдің қарым-қатынасы зор қарқынмен дамып келеді. Біздің міндетіміз – осы динамиканы бәсеңдетпей, елдеріміз арасындағы сауда-саттықтың табысты өркендеуіне, инвестициялық ынтымақтастықтың тереңдеуіне, сондай-ақ білім мен гуманитарлық салалардағы байланыстардың нығаюына қолайлы жағдай жасау.
Ресей Президенті Қазақстанға үлкен делегациямен келген. Тиісінше талқыланатын сала да көп. Әрине негізгі бағыт саудаға беріледі. Мемлекет басшысы саладағы серіктестіктің қазіргі жағдайын назардан тыс қалдырмады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Өзара сауда-саттық үздіксіз дамуда, таяу уақытта екіжақты тауар айналымын 30 миллиард долларға дейін жеткізуге мол мүмкіндік бар. Инвестиция саласында да оң үрдіс байқалады.
Қазір 93 бірлескен жоба жүзеге асты. Жалпы инвестиция көлемі 18,3 миллиард доллар. Нәтижесінде Қазақстанда 22 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Алдағы уақытқа жоспар көп. 20 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 49 жоба қолға алынған. Оның құны 30 миллиард долларға жуықтайды.
Жүзеге асты:
Бірлескен жоба – 93
Инвестиция көлемі – $18,3 млрд
Ашылған жұмыс орны – 22 мың
Жоспар:
Бірлескен жоба – 49
Инвестиция көлемі – $29,5 млрд
Ашылатын жұмыс орны – 20 мың
Ал Владимир Путин Мәскеу мен Астана арасындағы ықпалдастық барлық бағыт бойынша белсенді өрбіп келе жатқанын мәлімдеді. Қазақстанды стратегиялық серіктес әрі сенімді одақтас деді. Барлық сауалдың жауабын табуға ортақ ұмытылыс бар екенін жеткізді.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:
- Шағын құрамдағы келіссөз барысында екіжақты байланыстар аясында туындайтын проблемаларға назар аудардық. Ең бастысы, барлық сауалдың жауабын табуға ортақ ұмтылыс бар. Мен екі ел арасында шешілмейтін түйткіл жоқ екенін жақсы білемін. Ал мұндай ниеттестік үлкен жетістіктерге ұласады.
Көлемді келіссөздердің ізін келелі келісімдер жалғады. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Жаңа жаһандық тәртіп жағдайында стратегиялық әріптестікті тереңдету туралы бірлескен мәлімдеме қабылдады. Сонымен қатар президенттердің қатысуымен екі ел делегацияларының мүшелері бірқатар құжат алмасты. Әрі қарай Президенттер БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ресей – Қазақстанның стратегиялық серіктесі әрі сенімді одақтасы. Бізді мызғымас достық байланыстар, ғасырларға ұласқан тату көршілік қатынас және ортақ тарих біріктіреді. Мемлекеттеріміз осынау мәңгілік құндылықтарға арқа сүйей отырып, келешекті көздеген мазмұнды ықпалдастықты жолға қойды. Бүгінде Қазақстан мен Ресейдің ынтымақтастығы барлық саланы қамтып, бұрын-соңды болмаған жаңа деңгейге көтерілді.
Бүгін күн тәртібіндегі өзекті мәселелер кеңінен қамтылып, перспективті бағыттары белгіленді. Президенттер күрделі геосаяси ахуалға қарамастан, қатынас қарқын алды деген ұйғарым жасады. Экономика мәселесіне баса мән берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Стратегиялық салалардағы ынтымақтастықты тереңдету және өзара тауар айналымын одан әрі арттыру негізгі міндет ретінде айқындалды. Осы мақсатта бірқатар үкіметаралық құжат қабылданды. Олардың қатарында 2021-2025 жылдарға арналған Кешенді экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы, 2024-2026 жылдарға арналған Бірлескен іс-қимыл жоспары бар.
Қазақстан тарихта тұңғыш рет Ресейдің бес ірі сауда серіктесінің санатына қосылды. Бұл екі елдің ынтымақтастық әлеуеті жоғары әрі берік екенін аңғартады. Қасым-Жомарт Тоқаев оң динамика сақталса, бір-екі жылда сауда-саттық 30 миллиардтық межеге жететініне сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан экономикасына Ресейден келген тікелей инвестиция көлемі 24 миллиард доллардан асты. Соңғы екі жылдың өзінде 4,5 миллиард доллардан астам қаржы құйылды. Қазақстан да Ресей экономикасына қомақты қаржы салды. Бүгінде оның көлемі 8,5 миллиард долларға жетті.
Ғылыми және мәдени-гуманитарлық бағыт та ұмыт қалмады. Келесі көктемде Астанада «Қазақстан мен Ресейдің мәңгілік достығы» аллеясын ашу жөнінде шешім қабылданды. Бұл қала тұрғындары мен қонақтары сейіл құратын көрікті орынға айналады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Биыл тамыз айында өткен Астананың Мәскеудегі мәдениет күндері көпшіліктің зор ықыласына бөленгенін атап өткім келеді. Қазан қаласында қазақтың ұлы ақыны, ойшыл Абай Құнанбайұлының ескерткіш бюсті ашылды. Бұл айтулы оқиға.
Білім беру саласындағы байланыс та берік. Ресейде 60 мыңнан астам қазақстандық студент оқиды. Бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес Қазақстанда Ресейдің жетекші техникалық білім беру мекемелерінің 7 филиалы ашылды. Одан бөлек Президент орыс тілін қос халықтың ынтымағын жарастыратын маңызды фактор екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Еліміздегі мектеп оқушыларының үштен бірі орыс тілінде білім алады. Біз бұл мәселеге ерекше маңыз береміз. Халықаралық орыс тілі ұйымын құруды дәл осы себепті ұсындым. Келіссөздерде көтерілген тағы бір маңызды тақырып – екі елдің аумағында өмір сүріп жатқан қандастарымызды қолдау.
Десе де, алда атқаратын шаруа шаш етектен. Мемлекет басшысы 2025 жыл мол мүмкіндікке бастау болатынын айтты. Біршама ортақ жобаны жүзеге асыру міндеті тұр. Мұның пайдасын азаматтарымыз да, екі елдің кәсіпкерлері де сезеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Келесі жылы қаңтар айында маңызды мемлекетаралық құжаттардың бірі Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толады. 2025 жылы басқа да мерейтойлар бар: Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және «Байқоңыр» ғарыш айлағының 70 жылдығы.
Ал Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнайы шақырғаны және қазақ жерінде көрсеткен сый-құрметі үшін алғыс айтып, сапар қорытындысына оң баға берді.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:
- Біз саяси, экономикалық, гуманитарлық салалардағы екіжақты ықпалдастықты егжей-тегжейлі талқыладық. Халықаралық және өңірлік өзекті мәселелер бойынша пікір алмастық. Жаңа ғана қабылданған Бірлескен мәлімдемеде екі елдің стратегиялық серіктестігін тереңдетуге қатысты асқақ міндеттер қойдық.
Ресей Президентінің мемлекеттік сапары достыққа дем, сан салаға серпін бергені анық. Бұл тек іскерлік байланысты ғана емес, мәдени ынтымақтастықты да күшейтті. Ең бастысы, тараптар геосаяси ахуал серіктестікке дақ түсірмейтінін көрсетті. Бұл Астананың нейтралитеттік позициясын нығайта түседі.
Бекзат Аманов