Елімізде креативті индустрияны қолдау қоры құрылады

Елде креативті индустрияны қолдау қоры құрылады, деп хабарлайды 24kz.

Ол дарынды жандардың тың идеясын жүзеге асыруға көмектеседі. Петропавлға жұмыс сапарымен барған Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова жергілікті мамандармен кездесіп, осы саланы дамыту тетіктерін талқылады. Жиында тағы қандай мәселелер көтерілді?

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Бұл еліміздегі құлағы нашар еститін балалардан құралған жалғыз би ансамблі. Өнер ұжымы талай рет республикалық, халықаралық байқауларда топ жарды. Топтың негізін қалаушы, әрі көркемдік жекекшісі Ольга Ростовщикова енді инклюзивті креативті индустрияны дамытуды көздеп отыр.

Ольга Ростовщикова, «Sensitive» би ансамблінің көркемдік жетекшісі:

- Он сегіз жылдың ішінде менің жеке авторлық әдістемем қалыптасты. Енді оны патенттеп, оқу-әдістемелік құралын жазып шығарамын. Бұл маған мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істеймін деген адамдарды оқытуға мүмкіндік береді.

Оның бұл жоспарын Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова қолдады. Вице-премьер би билейтін мүмкіндігі шектеулі балалар арасында халықаралық байқау ұйымдастыруды ұсынды.

Би тобы жақында ашылған «Қызылжар» креатив орталығында жиналады. Бұл жерде олардан бөлек басқа да өнер үйірмесі бар. Президент өз Жолдауында креативті индустрия саласын дамытуды тапсырған болатын. Қазір елімізде осындай 10 орталық жұмыс істейді. Енді олар аудандар мен моноқалаларда да ашылады.

Евгений Кочетов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары:

- Қазір Павлодар облысындағы Ақсу қаласында, Қызылорда облысындағы Шиелі ауданында креативті орталық ашуды жоспарлап отырмыз. Оған «Қазпошта» компаниясы серіктес болады. Осындай хабтар жергілікті бөлімшелерде орналасады.

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова өңірдің креативті индустрия өкілдерімен кездесті. Жиын барысында сала мамандары өз ұсынысын айтып, креативті өндірісті қолдауға арналған жаңа заң жобасын талқылады.

Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Енді сол заңның аясында қандай өзгерістер болатыны жөнінде қазір біз жергілікті жерде осы салада жұмыс істейтін азаматтармен кездестік. Солтүстік Қазақстанның ең жақсы бір ерекшелігі мұнда қазір креативті хаб құрылған. Олар жұмыс істеп жатыр. Біз осы Солтүстік Қазақстан облысының тәжірбиесін басқа облыстарға да тарқату мәселесін қарастырып жатырмыз бірінші.

Креативті индустрия экономиканың қозғаушы күшіне айналуы тиіс. Жиын соңында вице-премьер Тамара Дүйсенова осы бағыттағы жобаларға мемлекет тарапынан әрдайым қолдау болатынын жеткізді.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов