Қ.Тоқаев Талдықорғандағы бірқатар спорттық нысан мен білім беру мекемелерін аралады

Жетісу облысында аккумулятор өндірісі жаңа сатыға көтерілді.

Аймақта енді өнеркәсіптік мақсатта пайдаланылатын қуатты аккумулятор батареялары шығарылады. Бүгін мемлекет басшысы Жетісу облысына сапары барысында «ASMA INDUSTRIAL» /Асма Индастриал/ зауытында болып, жұмысымен танысты. Бұған қоса Қасым-Жомарт Тоқаев Талдықорғандағы бірқатар спорттық нысан мен білім беру мекемелерін аралады.

Досжан Ысқақ, тілші:

- Бүгін мемлекет басшысы Жетісу облысына жұмыс сапарымен келді. Мемлекет басшысы арнайы барған алғашқы нысан – «ASMA INDUSTRIAL» аккумулятор зауыты мұнай-газ, тау-кен өнеркәсібінде, телекоммуникацияда, теміржол саласында қолданылатын өнеркәсіптік аккумулятор батареяларын шығарады. Зауытты негізгі шикізатпен отандық компаниялар қамтиды. Мекеме шығарылатын өнімнің 60%-ын шет елдерге экспорттауды ал қалған 40%-ын ел ішінде сатуды жоспарлап отыр. Кәсіпорынға салынған инвестиция көлемі 8,5 млрд. теңге. Қазір 180 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жылына 210 мың аккумулятор шығармақ. Бұдан бөлек мемлекет басшысы Қала іргесіндегі Ынтымақ ауылында ашылған 1200 бала сиятын орта мектепке де бас сұқты. Сонымен қатар Жетісулық спортшылардың еншісіне тиген замануи волейбол орталығына да барды. Орталықта «Жетісу» волейбол клубының ерлер және әйелдер құрамасы мен жасөспірімдер жаттығады. Нысанның құрылысына жергілікті бюджеттен 1,2 млрд теңге бөлінген.

Ал орталық жанындағы спортшыларға арналған 40 орындық тұрғын үй жеке инвесторлар есебінен салыныпты. Бүгінде жалпы Облыстың өнеркәсіптік өндірісінде 549 кәсіпорын жұмыс істейді. 2024 жылдың 10 айында 4% жуық өсіммен 279 млрд. теңгенің өнеркәсіптік өнімі өндірілген.Облыста қант өндіру саласын дамытуға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Диқандар биылғы қант қызылшасын жинау науқанын аяқтап, 635 мың мың тонна тәтті түбір алған екен.

Облыстағы екі қант зауыты 108 мың тонна қант өндірмек. Жаңа облыс болғалы Жетісу түлей түскендей. Аймақтың экономикасына қан жүгірту мақсатында алдағы 5 жылда облысқа 3,5 трлн инвестиция тарту жоспарланып отыр. Бұдан бөлек инфрақұрылымдық жобаларға да ерекше көңіл бөлініп келеді. Атап айтқанда өңірдегі ауыл аудандарды газдандыру жұмысы қарқын алған. Жыл басынан бері 19 елдімекенге газ тартылса жыл соңына дейін тағы 13-іне көгілдір отын жеткізілмек.