Мемлекет басшысы Талдықорғандағы индустриалды аймаққа барды

Жетісу жеріндегі аккумулятор өндірісі жаңа бір сатыға көтерілді.

Енді өңірде өнеркәсіптік мақсатта пайдаланылатын қуатты аккумулятор батареялары шығарылады. Бүгін мемлекет басшысы Жетісу облысына сапары барысында «ASMA INDUSTRIAL» аккумулятор зауытына барып, мекеменің жұмысымен танысты. Бұған қоса Мемлекет басшысы облыс орталығы Талдықорған қаласындағы бірқатар спорттық нысандар мен білім беру мекеммелерін аралады.

Талдықорған – Қазақстандағы аккумулятор жасауда тәжіріибесі мол қала. Бұндағы ең алғашқы зауыт осыдан 50 жылға жуық уақыт бұрын 1975 жылы салынған. Содан бері отандық және шетелдік нарықты сапалы өніммен қамтып келеді. Ал бүгін Мемлекет басшысы арнайы барған зауыт нарықта баламасы жоқ  аккумулятор батареяларын жасайды. 

Досжан Ысқақ, тілші:

- «ASMA Industrial» аккумулятор зауыты «Талдықорған» индустриалды аймағында орналасқан. Кәсіпорын мұнай-газ, тау-кен өнеркәсібінде, телекоммуникацияда, теміржол саласында, қолданылатын өнеркәсіптік аккумулятор батареяларын шығарады. Зауытты негізгі шикізатпен отандық компаниялар қамтиды. Мәселен қорғасынды – «КазЦинктен», күкірт қышқылын – «Қазатомөнеркәсіптен» алады.  Мекеме Шығарылатын өнімнің 60%-ын шет елдерге экспорттауды ал қалған 40%-ын  ел ішінде сатуды жоспарлап отыр.

Президент «ASMA Industrial» зауытына барды

Кәсіпорынға салынған инвестиция көлемі 8,5 млрд теңге. Қазір 180 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жылына 210 мың аккумулятор шығармақ. Аумағы 14 гектардан асатын зауыт биыл 6 желтоқсан күні іске қосылды. Мемлекет басшысы қызметкерлермен жүздесіп, зауыт жұмысына сәттілік тіледі. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Мемлекет мықты болсын десек, ең алдымен, өңірлеріміз қуатты болуы керек. Өндірісі дамыған елге айналу үшін осы салаға көңіл бөліп отырмыз. Стратегиялық маңызы бар Жетісу облысына ерекше назар аударамыз». 

Серікбай Ажмағамбетов, «ASMA Industrial» ЖШС бас директоры:

- Біздің мекеме стационарлы аккумуляторлар шығаратын Қазақстандағы жалғыз зауыт. Шығаратын  өнімдерімізді негізінен квазимемлекеттік сектор, Қазақстан темір жолы, Қазақтелеком, КЕГОК сынды Ұлттық компаниялар компаниялар алады. Жалпы Самұрық-Қазынаның құрамындағы компаниялармен келісімдер жасап жатырмыз.

Жаңа зауытқа жұмысқа орналасқандардың бірі Қайрат Туғанбаев. Аккумулятор жасау саласында 35 жыл еңбек еткен. Қазір зауыттың құрастыру цехына басшы болып тағайындалыпты. 

Қайрат Туғанбаев, «Asma Industrial» ЖШС құрастыру цехының бастығы:

- Бәрі жаңа құрылғы. Бізде жалақы жақсы. Өйткені бұл өте қымбат акумуляторлар. Алдын-ала сатып алатын адамдармен келісіліп қойылды. Енді бізге тек сапалы өнім шығару керек.

Бұған қоса Мемлекет басшысына Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Жетісу жерінде бүгінде 549 кәсіпорын тіркеліп, 30 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Биылғы он айда өнеркәсіп өндірісі 3,9 пайызға өсіпті.

Президент мектеп оқушыларына автобус сыйлады

- Талдықорған облыс орталығы болғалы қаладағы халық саны да көбейіп келеді. Сәйкесінше мектеп, балабақша сынды әлеуметтік нысандарға деген қажеттілік артып отыр. Қала іргесіндегі Ынтымақ ауылында ашылған 1200 бала сиятын жаңа мекетеп қашыққа қатынап білім алып жүрген біраз баланың да, ата-ананың да мәселесін шешкен. Мемлекет басшысы бүгін осы білім ордасына да барды. 

Жанболат Мәлік, оқушы:

- Бұрынғы мекетепте алыстан келіп алыстан қайтатынбыз. Ол бізге өте ауыр болатын. Өзімнің туған жерімде жаңадан мектеп салынып, осы жерге көшіп келгеніме қуаныштымын және өкінбеймін. Бұл жақта мен жаңа достар, жаңа орта таптым.

Жаңа мектепте оқушылардың білім алуымен қатар  шығармашылық қабілеттерін шыңдауға да жағдай жасалған. Балаларды еңбекке баулу мақсатында қосымша ағаш, металл және тігін шеберханалары ашылған. Бұдан бөлек спорттық үйірмелер мен көркем гимнастика да бар. 

Айнұр Серікова, оқушы:

- Менің атым Айнұр. Маған гимнастикаға қатысқан ұнайды. Мен жарысқа бардым, Астанаға бардым.  Алматыға бардым. Ол жерде біріншісінде бірінші орын. Сосын тағы бірінші орын, төртіншісінде екінші орын алдым. 

Шырай Саятқызы, оқушы:

- Мен 6-дамын. Шпагат жасай аламын, колесо жасай аламын. Мостик жасай аламын, біз мұнда секіреміз, жүгіреміз. Гимнастика жасаймыз. Солар маған ұнайды.  

Асылым Мұратбек, оқушы:

- Менің атым асылым, мен 5 жастамын. Маған гимнастика қиын емес. Мостикқа тұрып, шпагатқа отырып, сальто айналып.

Мемлекет басшысы жаңа оқу ордасын аралап көріп, оқушылармен әңгімелесті және мекетепке су жаңа автобус сыйға тартты.

Президент жетісулық волейболшылармен кездесті

Кейін Президент жетісулық спортшылардың еншісіне тиген замануи волейбол орталығына да барды. Орталықта «Жетісу» волейбол клубының ерлер және әйелдер құрамасы мен жасөспірімдер жаттығады.

Нысанның құрылысына жергілікті бюджеттен 1,2 млрд теңге бөлінген. Ал орталық жанындағы спортшыларға арналған 40 орындық тұрғын үй жеке инвесторлар есебінен салыныпты. Орталықтың негізгі ойын алаңына халықаралық стандартқа сай келетін арнайы төсенішті Франциядан әкеп төсеген. 

Нияз Жантілеуов, «Жетісу» волейбол клубының директоры:

- Бұндай кешен жалпы Қазақстанда, Орта Азияда аналогы жоқ. Таза волейболға арналған кешен. Бізде волейбол мектебі бар. Ол мектепте өсіп келе жатқан жас буын, болашақта осы «Жетісу» командасына қосылатын спортшыларымыз осы мекемеде өздерін шыңдап жатыр.

Президент үстел теннисі орталығына барды

Мемлекет басшысы Талдықорғандағы үстел теннисі орталығына да барып, жас теннисшілермен жүздесті. 12 үстел қойылған орталықта бір мезетте 24 адам бақ сынаса алады. Орталықта үстел теннисінен бөлек тоғызқұмалақ, дойбы, қол күрес, шахмат және спорттық туризм бойынша 600-ден астам оқушы жаттығады. 

Табиғат Шәріпхан, жас теннисші:

- Бұған дейін «Жастар» спорт сарайында, подвалда кішкентай зал болатын. Сол жерде өзім дайындалдым, көп тер төктім. 6 жыл бойы. Рахмет! Бізге осындай үлкен теннис орталығын салып берді. Осы жерде көп дайындық жасап, әлем, олимпиада чемпионы болуға бар күш жігерімізді саламыз.

Досжан Ысқақ, тілші:

- Жаңа облыс болғалы Жетісу түлей түскендей. Аймақтың экономикасына қан жүгірту мақсатында алдағы 5 жылда облысқа 3,5 трлн инвестиция тарту жоспарланып отыр. Бұдан бөлек инфрақұрылымдық жобаларға да ерекше көңіл бөлігніп келеді. Атап айтқанда өңірдегі ауыл аудандарды газдандыру жұмысы қарқын алған. Жыл басынан бері 19 елді мекенге газ тартылса, жаңа жылға дейін тағы 13-іне көгілдір отын жеткізілмек.

Досжан Ысқақ, Әлібек Әлиев, Бақытбек Нұртаев