Мемлекет басшысы Қаратал ауданындағы әлеуметтік нысандармен танысты

фото: akorda.kz

Бүгін Мемлекет басшысы Жетісу облысындағы жұмыс сапары аясында Қаратал ауданындағы Ескелді би аулының әлеуметтік нысандарына барды, деп хабарлайды 24kz.

Президент Жаңадан салынған мәдениет үйі мен спорт кешенін аралап, ауылдардағы инфрақұрылымды жақсару мақсатында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Досжан Ысқақ, тілші:

- Желтоқсанның басында Қаратал ауданына қарасты Ескелді би ауылында 150 орынды блок-модульдік мәдениет үйі мен спорт кешені іске қосылған. Бүгін Мемлекет басшысы сол нысандарды аралап көрді. 3200 адам адам тұратын Ескелді би ауылында 30 жылдан астам уақыт бойы мұндай нысандар болмапты. Бір-біріне жақын орналасқан жаңа мәдениет үйі мен спорт кешені заманауи талаптарға сай салынған. Ауыл тұрғындары үшін мәдени, спорттық іс-шараларды ұйымдастыруға қажетті барлық жағдай жасалған. Қос нысанның құрылысы осы жылдың мамыр айының соңында басталған. 7 айда салынып бітіп. Қолданысқа беріліп отыр. Жалпы ауданы 800 шаршы метр болатын екі қабатты спорт кешенінде ойын залдары, бокс пен күрес және тренажерға арналған зал бар.

Ермек Торғаев, Қаратал аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры:

- Осы спорт кешені замануи, кәзіргі уақытқа сай салынды. Әр залда шешінбе жай, жуынатын бөлме бар. Бұрын бұл ауылда спорт кешені болмаған кезде жалдамалы, жылуы жоқ жерлерде балалар шұғылданатын. Қазір міне, жылы жерде балар шынығады. Бұл спорт кешені үлкендерге де жұмыс жасайды. Кешкі 19.00-ге дейін оқушылар, кешкі 19.00-ден  кейін ауылдың жастары келіп, спортпен шұғылдануларына болады.

Ал жаңа мәдениет үйі 150 орынға лайықталған. Ішінде акт залы, оқу залы бар кітапхана орналасқан. Вокал, домбыра, қобыз, би үйірмелері ашылған. Президент мәдениет үйіне музыкалық жабдықтар мен суретші Әділғали Баяндиннің картинасын тарту етті. Жалпы ауыл халқының игілігіне берілген екі ғимаратта 30 адам жұмыс істейді.