Бүгін – Тәуелсіздік күні

Бүгін – Тәуелсіздік күні. 33 жыл бұрын ел егемендік алып, Қазақ мемлекетінің іргетасы қаланды, деп хабарлайды 24kz.

Ата заңымыз жазылып, ұлттық рәміздер бекіді. Шекара шегенделді.

Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:

- Өткен ғасырдың 80-90 жылдары. Алмағайып заманның аумалы-төкпелі шағы. Балтықтағы бұқара дүркін-дүркін дүмпіп, әр жерлерде оқтын-оқтын азаттықтың ұраны шырқалып жатты. Кеңес кезеңінің түгесілер тұсы болатын. КСРО-ның қазаны ортайып, 14 бірдей мемлекет дүйім жұртқа дербестігін жариялады. Кезек Қазақстанда еді.

Сайлау Батыршаұлы, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары (1990-1993 жж.):

- 25 қазан 1990 жылы Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылдадық. Ол деген негізгі құжат сол. Ол құжат өте мықты шықты. Біз шет елдермен қарым-қатынас жасауға, экономикалық, сауда, мәдени, гуманитарлық байланыстар барлығы тікелей Москваның рұқсатынсыз, өзіміз шешетін сондай декларация, өте мықты шықты.

Тоқсаныншы жылы елдің егемендігі туралы декларация қабылданды. Дегенмен, азаттықтың ақ таңы бірден ата қоймады. Тәуелсіздік тұрғысында конституциялық заң керек еді.

Серік Ақылбай, Қазақстан заңгерлер одағының төрағасы:

- 1991 жылы 9 желтоқсанда бастап талқыланып, 16 желтоқсанда қабылданды. Оған мұрындық болған негізі біздің ғалымдар. Сұлтан Сартаев, кезінде осы заң бойынша жұмыс істеген бұрынғы әділет министрі Шаукенов болған. Себебі заң қабылдау заңгерлердің негізі жұмысы ғой.

Осылайша, дүйім жұртқа дербестігімізді мәлімдеп, мемлекеттігімізді әлем елдері мойындай бастады.

Серік Ақылбай, Қазақстан заңгерлер одағының төрағасы:

- 16 желтоқсан Қазақстанның тәуелсіздігі туралы конституциялық заңы қабылданғаннан кейін 32 сағат өткеннен кейін бірінші болып Түркия бізді мойындады, тәуелсіз мемлекет ретінде. Яғни, бұл үлкен статус беретін, халықаралық деңгейде біз егемендігімізді көрсететін, біздің өзіміздің территориямыз бар, өзіміздің экономикамыз бар, өзіміздің рәміздеріміз бар, өзіміздің ақшамыз бар деген нәрсе ғой.

Сайлау Батыршаұлы, 1990-1993 жж. ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:

- Қазақстанды АҚШ бірінші қатарда, жаңа Түркия дедім ғой, сол бірінші қатарда Қазақстанның тәуелсіздігін мойындады. Ол мойындағаннан кейін бүкіл Еуропа мемлекеттерінің бәрі бірінен соң бірі, бір айдың ішінде 37 мемлекет бізді мойындады. Мұндай тарихта болған жоқ. Екі айдың ішінде 60-70 мемлекет мойындады.

Жанерке Қайратқызы, саясаттанушы:

- Тәуелсіздік алған жылдары Қазақстанға өте көп болжамдар жасалған болатын. Оның ішінде шетелдік сарапшылардың пайымдауынша, Қазақстан үлкен Балкан секілді үлкен қақтығыстар алаңына айналуы керек еді. Себебі бұл жерде көп ұлттар, көп этностар бір алаңда өмір сүреді. Сол себепті болашақ қалай болады екен деген біз үшін онша жақсы емес болжамдар жасалған еді. Бірақ осы барлық сын-қатерлерге қарамастан, Қазақстан осының бәрін тиімді жолмен еңсерді.

Алғашында жас елдің ертеңіне ешкім сенген жоқ. «Жарқ етіп жанып, жалп етіп жоқ болады», деп болжам жасағандар көп болды. Солай болуы да заңдылық еді. Себебі тұтас ұлттық тағдыры таразыға түсті.

Алшаң басып, ашық айтуға ерте еді. Алтай мен Атыраудың арасындағы ұлаңғай атырапты ат төбеліндей аз ғана халық мекен етті. Оның ішінде 40%-і ғана қазақтар болатын. Демографияға дүмпу жасау керек еді.

Ерлан Көпес, ҚР Ұлттық статистика бюросының бас сарапшысы:

- 2023 жылды тәуелсіздік алған жылмен салыстыратын болсақ, туу саны 10%-ке өскен. 353 мыңнан 388 мыңға дейін. Оның ішінде айтар болсақ, ең жоғарғы көрсеткіш 2021 жылы 446 мың бала туылып, рекордтық көрсеткіш тіркеледі. Ал өлім көрсеткіші бойынша 2,7%-ке азайған. 134 мыңнан 130 мыңға дейін. Оның ең жоғары көрсеткіші сол 2021 жылы 182 мың адам болған болатын.

Әлеуметтің әлеуетін арттырып, қоғамда тәртіп қалыптастыру, армия жасақтап, шекараның шебін шегелеу күн тәртібінде болды. Ата заң қабыдау да азаттықтың алғашқы жылдарында жүзеге асты.

Серік Ақылбай, Қазақстан заңгерлер одағының төрағасы:

- Социалистік жүйеден капиталистік жүйеден бір-ақ күнде ауысу оңай емес. Оны жалпы жай халық емес, әжептәуір білімі бар, мемлекеттік деңгейде істеп жатқан, кейбір азаматтарымыз да түсінбеді.

Төлтаңбамыз Елтаңба қабылданып, ұлттың ұраны бекіді. Сол секілді әр елдің өзінде валютасы болуы керек еді. Бұл мезет 1993 жылдың еншісінде еді.

Әлия Рәбілева, ҚҰБ Банкноталар мен монеталар сараптамасы басқармасының жетекші маманы:

- 1993 жылдан 2023 жылға дейін ұлттық валюта банкноталарының 4 сериясы айналымға шықты. Олар ел тарихы мен ғылымына үлес қосқан ұлы тұлғаларға арналған портреттер сериясы. Сондай-ақ, Ал-Фараби, бәйтерек, қазақ елі сериялары. 2023 жылы 25 желтоқсаннан бастап айналымға сақ стилі атты жаңа серияның 5 мың теңгелік банкноталары шығарыла бастады. Ал 2024 жылғы жазда 10 мың теңгелік банкноталар айналымға енді.

Елдің ішкі ахуалын жақсартумен қатар, сыртқы саясатты да тең жетілдіру керек еді. Жас мемлекетті әлем жұрты жақсы қарсы алды. Жер-жерде Қазақстанның елшіліктері құрылды.

Сайлау Батыршаұлы, 1990-1993 жж. ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:

- Бірде-бір мемлекет жоқ, Сыртқы істер министрлігі жоқ, бірден бір мемлекет жоқ. Сыртқы істер министрлігі бүкіл әлемдегі қарым-қатынас, оны мойындататын Сыртқы істер министрлігі, дипломатияның жұмысы. Сондықтан да біз тәуелсіздікті жариялағаннан кейін шет мемлекеттер бізді мойындау үшін дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, ол жерлерде елшілік аштық. Елшілік ашып, бас консулдық аштық.

Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:

- Содан бері отыз жыл зырғып өтті. Сындарлы сәттерден қазақ елі сүрінбеді. Мемлекеттіктің мәңгілік даңғылына шығып, әлем алыптарымен иық тірестіре тең сөйлейтін деңгейге жетті. Алыс-беріс артты, тұрғындардың тұрмысы түзеліп, тіршілігі жақсарды. Біз баяндаған алмағайып заман да, аумалы төкпелі шақ та тарих беттерінде қалды.

Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Асхат Қойшыбаев