Президент ұшақ апатынан қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтты
Ақтау маңында болған ұшақ апатына жан-жақты әрі объективті тергеу жүргізу. Бұл ретте ақпараттық арандату мен фейкке жол бермеу.
Бүгін Президент Ақтау қаласы маңында болған ұшақ апатына байланысты кеңес өткізіп, Үкіметтік комиссия мен Бас прокуратураға осындай міндеттерді жүктеді. Тағы Қасым-Жомарт Тоқаев апат салдарын жоюға атсалысқан адамдардың ерлігі мен еңбегін лайықты атап өту керектігін айтып, ерекше көзге түскен азаматтарды мемлекеттік наградаға ұсыну жөнінде тапсырма берді.
Ақтау қаласында болған ұшақ апаты қабырғаны қайыстырмай қоймады. Қайғылы оқиға салдарынан 38 жолаушы қаза тапты. Олардың арасында 6 Қазақстан азаматы да бар. Бүгін Ақордада кеңес өткізген Президент марқұмдардың отбасы мен жақындарына тағы да көңіл айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл үлкен қасірет, қайғылы оқиға. Қазақ болған жолаушылардың арасында Қазақстанның азаматтары да бар. Марқұмдардың отбасына және жақындарына тағы да көңіл айтамын.
Тоқаев: Құтқару жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілді
Апат кезінде құтқарушылар мен жедел көмек көрсету қызметтері шұғыл әрі үйлесімді әрекет етті. Осының арқасында көптеген жолаушылардың өмірін сақтап қалу да мүмкін болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Апаттың салдары бұдан да ауыр болуы мүмкін еді. Біз бұған жол берген жоқпыз. Адам өмірін сақтап қалдық. Құтқару жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілді. Қажетті ақпараттың барлығы жұртшылыққа уақытылы беріліп тұрды. Яғни оқиға бойынша толыққанды мәлімет бәріне бірдей ұсынылды.
Тоқаев: Үкімет апат салдарын жоюға ат салысқан адамдардың ерлігі мен еңбегін лайықты атап өтуі қажет
Зардап шеккендерге қарапайым халық та қол ұшын созды. Біреудің қайғысы деп ешкім бейжай қараған жоқ. Қазақстан халқы әдеттегідей қолда барын аянып қалмай, қамқорлық көрсетті. Бұған күллі әлем куә болды. Осы ретте Президент апат салдарын жоюға ат салысқан жандардың ерлігі мен еңбегін лайықты атап өтіп, ерекше көзге түскендерге мемлекеттік награда беру қажеттігін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Азаматтарымыз алғашқы минуттан бастап зардап шеккендерге көмек қолын созды. Халқымыз жанашырлық, ұйымшылдық және шынайы тілеулестік қасиетін көрсетті. Жұрт кезекке тұрып, қан тапсырды. Әзербайжан елшілігі ғимаратына гүл шоқтарын қойды. Бұл туралы еліміздің және шетелдің бұқаралық ақпарат құралдары жан-жақты мәлімет таратты. Құтқарушылардың, дәрігерлердің және волонтерлердің адал қызметіне күллі әлем куә болды. Әсіресе көршілес әрі серіктес елдер – Әзербайжан, Ресей, Қырғызстан азаматтары айрықша алғыс білдіріп жатыр.Үкімет апат салдарын жоюға ат салысқан адамдардың ерлігі мен еңбегін лайықты атап өтуі қажет. Ерекше көзге түскен азаматтарға мемлекеттік награда беру қажет.
Тоқаев: Ақпараттық арандату мен фейкке жол бермеу маңызды
Ақтау қаласы маңында болған қайғылы оқиғаның себеп-салдарын тексеру үшін Президент тапсырмасымен Үкіметтік комиссия құрылған болатын. Бүгінгі кеңес отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев осы комиссия мен Бас прокуратураға өзге құзыретті органдармен бірлесіп, ұшақ апатына жан-жақты әрі объективті тергеу жүргізу міндетін жүктеді.
Бастысы бұл ретте ақпараттық арандату мен фейкке жол бермеу маңызды. Тағы Президент зардап шеккен шетел азаматтарына қажетті медициналық және психологиялық тұрғыдан толық көмек беруді, қайтыс болған Қазақстан азаматтарының туған-туыстарына айрықша қамқорлық көрсетуді тапсырды. Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі авиациялық қауіпсіздіктің жай-күйін мұқият тексеру қажет екенін де мәлімдеді.